Қазақстан мен Моңғолия сауда айналымын 500 млн долларға жеткізеді
Қазақстан мен Моңғолия өзара сауда көлемін 500 млн долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Kursiv.Media Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайшир Номтойбаяр екі ел арасындағы сауда-саттықты ұлғайтуды талқылады.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын арттыру, саудадағы тауар түрлерін көбейту, өнімді қайта өңдеуді дамыту және бірлескен өндіріс орындарын ашу мәселелері қаралды.
2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,7 пайызға өсіп, 133,5 млн долларды құрады. Оның ішінде Қазақстанның Моңғолияға экспорты 123 млн долларға, ал импорт көлемі 10,5 млн долларға жетті.
Қазақстан тарапы Моңғолияға экспортты арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қарастырып отыр. Оның ішінде астық және одан дайындалатын өнімдер, өсімдік майы, күріш, жеміс-жидек пен көкөніс бар.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі де ықпал етпек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026