Зейнеткерлерге мерекеге орай 3,8 млрд теңге беріледі
Халықаралық қарттар күніне орай елде 274,2 мың тұрғынға 3,8 млрд теңге беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Елде жасы бойынша зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. 2026 жылы шамамен 120 мың қарт азаматты әлеуметтік қолдауға 6,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қаражат отын сатып алуға, тұрмыстық және коммуналдық шығындарын өтеуге, дәрі-дәрмек алуға, емделуге, сауықтыруға, санаторий-курорттық ем алуға және басқа да әлеуметтік көмек түрлеріне жұмсалады.
Otyrar.kz жазуынша, Шымкентте 70 жастан асқан шамамен 36 мың зейнеткерге 3 АЕК, яғни 12 975 теңгеден төленеді.
Ал Екібастұз қаласында ең төменгі зейнетақы алатын немесе жәрдемақысы мен төлемдерінің мөлшері ең төменгі деңгейден төмен азаматтарға 12 975 теңге (3 АЕК) беріледі. Осы талаптарға сай келетін 80 жастан асқан азаматтарға 17 300 теңге (4 АЕК) төленеді.
Айта кетейік, төлем алушыларға алдын ала өтініш берудің қажеті жоқ. Ақша автоматты түрде олардың шоттарына аударылады. Төлемдерді аудару 20 қыркүйек пен 10 қазан аралығында жүргізіледі. Сондықтан кей азаматтарға ақша 1 қазанда емес, осы аралықтағы басқа күні түсуі мүмкін.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026