Жапондар қазақ дзюдошыларын төрт финалда да алтынсыз қалдырды
Қазақстандық дзюдошы Ажар Асхат Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен 21 жастағы қазақстандық спортшы финалда жарыс қожайыны Рин Маэдамен кездесті. Шешуші белдесуде жапониялық дзюдошы басым түсіп, Азия ойындарының алтынын жеңіп алды. Ажар Асхатқа күміс медаль бұйырды.
Осылайша Ажар Асхат Қазақстан құрамасының жапониялық дзюдошыға есе жіберген төртінші финалисі болды.
Бір күн бұрын 48 келіде Әбиба Әбужақынова Мицуки Кондодан, 60 келіде Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Хаято Кондодан жеңіліп, күміс жүлде алған еді.
Бүгін 81 келіде Әділет Алмат та алтын үшін Жапония өкілі Сотаро Фудзиварамен белдесті. Финал барысында иығын ауыртып алған қазақстандық дзюдошы қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.
Ажар Асхат финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Ол 1/8 финалда Таиланд өкілі Супатра Нанонгты вазари әдісімен жеңді, ал жартылай финалда моңғолиялық Анужин Уран-Улзийден басым түсті.
Нәтижесінде Аичи–Нагоядағы жекелей сында Қазақстаннан финалға шыққан төрт дзюдошының барлығы Жапония өкілдеріне есе жіберіп, күміс жүлде алды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026