Қазақстандық оқушылардың жер серігі SpaceX зымыранымен ғарышқа ұшты
Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған NIS PocketQube пикоспутнигі Илон Маск құрған SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыранымен ғарышқа жол тартты, деп хабарлайды Kursiv.media.
Зымыран Калифорниядағы АҚШ Ғарыш күштерінің Ванденберг базасынан ұшырылған. Жобаға Қазақстаннан және шетелден оқушылар, педагогтер мен ғарыш саласының мамандары қатысты.
Жоба тарихы 2019 жылы басталған. 2020 жылы мектепте NIS Space ғарыш зертханасы ашылып, 7–10 сынып оқушыларына арналған «Ғарыш техникасының электроникасы» мамандандырылған курсы енгізілді.
NIS PocketQube шағын спутникке жатады. Оның көлемі 5×5×5 сантиметр, салмағы 250 грамм. Спутник басқару, электрмен жабдықтау және радиобайланыс жүйелерімен, сондай-ақ күн панельдерімен жабдықталған.
Спутникті жасауға Назарбаев зияткерлік мектептерінің 17 оқушысы қатысты. Олардың бірқатары бүгінде NIS түлегі.
Оқушылар спутниктің 3D моделін жасап, құрылғылардың ішкі орналасуын есептеді, электронды платалар мен SMD-компоненттерді жинақтады.
Жобаны жүзеге асыруға «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Ғалам» ЖШС мамандары да қатысқан.
Спутниктен алынған мәліметтерді оқушылардың физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия бағыттарындағы зерттеу жобаларында пайдалану жоспарланып отыр. Деректерді қабылдап, өңдеу үшін арнайы жерүсті кешені орнатылады. Оның көмегімен спутниктен алынған ақпарат Қазақстан мектептерінің оқушыларына қолжетімді болады.
Тағы да оқыңыз: PISA 2025: Қазақстан оқушылары OECD деңгейінен қаншалықты артта қалды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026