Қазақстанда 9 млн адамның мойнында төленбеген несие бар
Қазақстанда халыққа берілген несие портфелі 26,5 трлн теңгеге жетті. Экономист Руслан Сұлтанов «Бірінші несие бюросы» мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін талдай келе, қызық деректерді алға тартты.
«Бірінші несие бюросының» дерегінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекте елде өтелмеген несие шарты бар 9,16 млн адам тіркелген. Салыстырар болсақ, екінші тоқсанда елдегі жұмыспен қамтылған халық саны 9,28 млн адамды құрады.
Сайып келгенде, бұл көрсеткіш басында несиесі бар адамдар санының елдегі жұмыспен қамтылғандар санына жуықтағанын көрсетеді.
Дегенмен сарапшының айтуынша, жұмыс істейтіндердің 99 пайызының несиесі бар деуге болмайды. Елдегі борышкерлер арасында зейнеткерлер, студенттер және жұмыспен қамтылғандар құрамына кірмейтін басқа да азаматтар бар.
Экономист Руслан Сұлтанов үй шаруашылықтарына қатысты дерекке сүйене отырып, 2026 жылдың екінші тоқсанында халықтың ақшалай шығысы жан басына шаққанда орта есеппен 358,6 мың теңге болғанын айтады. Оның ішінде несие мен қарызды өтеуге 26,2 мың теңге жұмсалды. Бұл – жалпы ақшалай шығыстың 7,3 пайызы.
Айлық көрсеткішке шаққанда бір адамға шамамен 8,7 мың теңгеден келеді. 9 миллионнан астам борышкері бар ел үшін бұл өте аз сан болып көрінуі мүмкін.
Алайда Руслан Сұлтанов бұл жерде есептеу әдістемесін ескеру қажеттігін айтады. ҰСБ бұл көрсеткішті зерттеуге қатысқан барлық отбасы бойынша орташа есеппен шығарады.
Тізімде несиесі барлар да, мүлдем қарызы жоқ отбасылар да бар. Содан кейін шығыстар жан басына шағылып, несие төлемейтін балалар мен басқа да отбасы мүшелеріне де бөлінеді.
Мысалы, төрт адамы бар отбасы ай сайын банкке 120 мың теңге төлесе, бір адамға шаққанда ол 30 мың теңге болады. Егер көрші отбасының мүлдем несиесі болмаса, жалпы орташа көрсеткіш одан әрі төмендейді.
Сонымен қатар ҰСБ деректері тұрғындардың өз жауаптарына, ал несие бюросының мәліметтері ресми келісімшарттарға негізделген. Экономистің пайымдауынша, мұндай 7,3 пайыздық көрсеткішті әрбір борышкердің жеке жүктемесі деп қарауға болмайды.
Алдағы уақытта халықтың бөліп төлеу мен BNPL (Buy Now, Pay Later – қазір ал да, кейін төле) арқылы алған қарызы несие тарихында көрсетіле бастауы мүмкін. Қазіргі кезде мұндай қарыздар несие тарихында жазылмайды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026