Жақсылықты көбейту үшін мұғалім бол!
Жақсылықты көбейту үшін мұғалім бол. Бір балаға берген білімің мен мейірімің кейін жүздеген адамға әсер етуі мүмкін деген ұстаным мені ұстаз болуға жетелеген ізгі қадам еді.
Ізгіліктің дәнін қолыма алған күннен бастап, яғни, 22 жылдан бері «Өнер» ордасында қызмет етіп келемін. «Орда» деуімнің де үлкен мәні бар. Қасиеті мен қадірі бар, мені ұстаз ете білген, өмірімнің 22 жылын өткізген, тұрақты мекеніме айналған, өнер мен білімді шоғырландырған орынға басқа теңеу таба алмас едім. Мен мұнда «үйретемін» деп емес, «үйренемін» деген ұлы мақсатпен аяқ бастым. «Ұстаз кім? Үйретуші ме, әлде үйренуші ме?» деген сауал туындауы мүмкін. Мен — үйренушімін. Бүгін мені үйреткен тұлғалар жайында сөз қозғамақпын.
Грантқа оқуға түсе алмай, бала күнінен мұғалім болуды армандаған, бір сәтке қанаты қайырылып, арманының қолдан ұшқанына мойынсұнған жасөспірімнің хәлі марқұм әкемнің жанына қатты батқаны әлі есімде. Мен отбасымдағы сегізінші перзент болғандықтан, ақылы оқуға мүмкіндігіміз аз екенін де білетінмін. Әкенің балаға деген сенімі мен Аллаға тәуекелі басым болғандықтан, әкем мені заң факультетінің ақылы бөліміне түсіруге бел байлады. Оның оқу ақысы 90 мың теңге еді, ал мұғалімдік факультеттің ақысы 45 мың теңге болатын.
Ауылдан Түркістан қаласына бет алған 17 қыркүйек — менің өмірімді түбегейлі өзгерткен күн. Сол күні әкеме алғаш рет үлкен адамдарша тіл қатып, мақсатым мен арманыма адалдығымды көрсеттім: «Көке, сіз менің заңгер болғанымды қалайсыз. Сіз көргіңіз келген перзент бола аламын, бірақ сол арман жолында қиналғанымды сізге көрсетіп қоюдан қорқамын. Мен ешқашан «шаршадым» деп айтпайтын, сіз тек мақтан тұтатын, көп адамға пайдасы тиетін, жақсылықтың ғана дәнін егетін мамандық иесі болуды армандадым. Мені мұғалімдікке түсіріңізші. Заңгер болып қатайғым келмейді. Байқаусызда біреудің тағдырына қатысты қате шешім айтудан қорқамын. Мен мейірімді болып қалатын мамандық иесі болғым келеді», — деп уәжімді айттым. Әкемнің маған мақтанышпен қарағанын көріп, иығындағы ауыр жүкті жеңілдеткендей болдым: мұғалімдік факультеттің оқу ақысы да аздау еді.
Арманыма жеткенімді әкем көреді деп ойладым. Алайда бірінші курстың бірінші семестрінде барлық сабағымды үздік тапсырған сынақ кітапшамның көшірмесін жасап алып, оны барлық танысына мақтанышпен көрсетіп, үнемі төс қалтасына салып жүрген әкемнің өмірден өтіп кетерін кім білген… Жасөспірім қыз армандары мен мақсаттарын, әкесіне берген уәдесін бір сәтке де ұмытпай, келесі курстан бастап оқуын грант негізінде жалғастырды…
Мұғалім болу мен үшін тек жұмыс емес, ол — өз таңдауыма адалдығым. Қажетті білімді, дағдыны, жауапкершілікті арқалап, «Өнер» мектебіне жұмысқа келдім. Қолымда ізгілік, мейірім мен жақсылықтың дәні бар, бірақ оны қалай егемін, неден бастаймын — белгісіз…
Менің ұстаз болып қалыптасуыма, дамуыма, мейірімді әрі өз ісімнің маманы болып өсуіме себепкер болған — оқушыларым. Мен еккен жақсылық дәнінің жеміс бергеніне көз жеткізген бір дәлелімді ұсынғым келеді. Өмір ағысымен жүріп, отбасылы болып, бала мен жұмыстың қамымен «Арманымдағы мұғалім бола алдым ба?» деген сұрағымның жауабын ұмытып жүрген кезімде, 2008 жылы мектеп бітірген оқушым Пернетегі Дәуренмен кездестім. Ол мені арнайы іздеп келіпті. Дәурен алғаш сынып жетекшісі болған сыныптарымның бірінде оқыған еді. Ол кезде сынып бөлмесі жатақхананың бірінші қабатында болатын. Жеке кабинетім болмағандықтан, барлық затымды үлкен қара сөмкеге салып, Дәуренге ұстатып жіберетінмін де, таңертең кешікпей алып келуін өтінетінмін. Басқа амалым болмағандықтан осылай жасайтынмын және өзіме сенгендей сеніммен оған аманаттайтынмын.
«Ұстаз, білесіз бе? Сіз біз үшін жаңашылдықты мектепке әкелген ұстаз болдыңыз. Өзіңіз кішкентай болсаңыз да, танымыңыз, біліміңіз, әдістеріңіз бен құндылықтарыңыз үлкен еді. Сенесіз бе, барлық фильмнің басты кейіпкерінен сізді көретінмін. Оқу орталығына алынатын мұғалімдердің бойынан ең болмағанда сіздің бір қасиетіңіз табылса, қуана қабылдайтынмын.
Сіз маған сол «қара сөмке» арқылы жауапкершілікті, адамдардың сенімі мен үмітіне аяқ сүртпеуді үйреткеніңізді сол кезде сезбеген де шығарсыз», — деп күлді. «Бірде бірінші сабаққа ұйықтап қалыппын. Дене шынықтыру сабағы еді. Ұйқыдан тұрған кездегі өзіме деген ренішімді, сізге барарда ұяттан жерге кіре жаздағанымды айтсаңызшы! Сіз ұрыспасаңыз да, маған артқан жауапкершілігіңіздің осыншалықты салмақты екенін сонда мойындадым. Мен ағылшын тілінен жақсы білім алдым, өмірде адам болып қалыптасуыма да сіз себепкерсіз», — деді ол.
Оның бұл сөзі бала күнгі арманымның жемісті болғанын, әкеме берген уәдемнің орындалғанын ұқтырды. Ұстаз үшін ең үлкен марапат осы екенін түсініп, дұрыс бағыттағы маман болып келе жатқаныма қатты қуандым.
Мұғалім едім, ұстаз болдым. Жақсылықтың дәнін арқалап келіп едім, әр баланың жүрегінен оның жемісін көру бұйырды. Ұстаз үйретпейді, ұстаз үйренеді: баланың жүрегінің ашылуына жағдай жасауды, жақсылықтың жемісті болуына бірге әрекет етуді үйренеді.
Ойымды Зейнолла Қабдоловтың «Ұстаздық ету — уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ» деген ғажап сөзімен аяқтағым келеді.
Жақсылықты көбейту үшін нағыз мұғалім болайықшы!
Рима Рысбекова,
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
«Оңтүстік Рабат» газеті, №40
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026