Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

12 жыл күткен алтын: Қазақстан боксшылары Азия ойындарын бес медальмен аяқтады

kz.kursiv.media

12 жыл күткен алтын: Қазақстан боксшылары Азия ойындарын бес медальмен аяқтады

Қазақстан бокс құрамасы Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарындағы жарысын аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына екі алтын және үш қола медаль түсіп, бокстан жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қазақстанға екі алтынды Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай сыйлады. 70 келіде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зейяд Ишаишті жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал 90 келі салмақтағы Айбек Оралбай шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Жахонгир Зокировтан басым түсті.

Махмұд Сабырхан, Алуа Балқыбекова және Наталья Богданова қола медальға ие болды.

Осындай нәтиже көрсеткен Қазақстан бокстан медаль кестесінде үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды үш алтын, үш қола медаль жеңіп алған Үндістан иеленсе, Өзбекстан екі алтын, бір күміс және төрт қоламен екінші орынға жайғасты.

Қазақстандық боксшылар Азия ойындарында 12 жылдан бері алтын медаль ала алмай жүрген. Соңғы рет ұлттық құрама 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азиадада чемпион шығарған.

Ол кезде Қазақстан ерлер арасындағы он салмақ дәрежесінің алтауында жеңіске жетіп, бокстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Инчхонда Ілияс Сүлейменов (52 кг), Данияр Елеусінов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Антон Пинчук (91 кг) және Иван Дычко (+91 кг) Азия ойындарының чемпионы атанды. Жалпы Қазақстан құрамасы сол жарыста 6 алтын, 2 күміс және 2 қола – барлығы 10 медаль жеңіп алған.

Одан кейінгі 2018 жылғы Джакарта мен 2023 жылғы Ханчжоу Азия ойындарында қазақстандық боксшылар алтын медаль ала алмады. Аичи–Нагояда бұл 12 жылдық серияны Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай тоқтатты.

Дегенмен құраманың нәтижесіне қатысты сұрақтар бар. Азия ойындары маусымдағы негізгі жарыстардың бірі саналып, Қазақстан Жапонияға мықты құрамын алып барды. Команда сапында әлем чемпиондары мен халықаралық ірі жарыстардың жүлдегерлері болды.

Бірқатар көшбасшы финалға жете алмады. Екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан жартылай финалда 2:3 есебімен жеңілді. Әйелдер құрамасы алтын медальсыз қалды. Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова қола жүлде алды, ал Назым Қызайбай, Виктория Графеева және Айда Әбікеева жүлдеге жете алмады.

Сонымен қатар турнир барысында кейбір жекпе-жектердегі төрешілер шешімі Қазақстан құрамасы өкілдерінің наразылығын туғызды. Әсіресе Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданованың 2:3 есебімен аяқталған кездесулерінен кейін төрешілікке қатысты сұрақтар айтылды.

Осылайша Қазақстан бокс құрамасы Азия ойындарын бес медальмен жалпыкомандалық есепте үшінші орынмен аяқтады.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
2 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар