Өмір есігін ашқан сәбилер қоғам қамқорлығында
Қайырымдылық – біреуге қол ұшын созып, қиындыққа тап болған жанға демеу болудан ғана тұрмайды. Бұл – сенімге негізделген үлкен жауапкершілік. Әсіресе соңғы жылдары түрлі әлеуметтік мәселелерге байланысты қаражат жинайтын қорлар мен бастамалар көбейген тұста қайырымдылық жасаушы үшін «Менің берген қаражатым қайда жұмсалады?», «Ол кімге жетеді?», «Жиналған ақша нақты нәтижеге айнала ма?» деген сұрақтардың маңызы артты. Себебі бір ұйымның қызметіне қатысты күмән немесе алаяқтық жағдайы тұтас қайырымдылық саласына деген сенімге әсер етуі мүмкін.
Осындай жағдайда қайырымдылық ұйымдарының ашықтығы мен есептілігі алдыңғы орынға шығады. Қордың қанша қаражат жинағаны ғана емес, сол қаражаттың қандай жобаға жұмсалғаны және оның нәтижесі қандай болғаны да қоғам үшін маңызды. Қазақстанда осы қағиданы ұстанып келе жатқан ұйымдардың бірі – 2007 жылы құрылған AYALA қайырымдылық қоры. Қордың негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова бастапқы кезден-ақ қайырымдылықты жүйелі түрде ұйымдастыруды мақсат еткен.
«Мыңдаған балаға көмектесе алатын, жүйелі түрде жұмыс істейтін қор құру идеясы қайырымдылықпен айналысу туралы шешім қабылдағаннан кейін көп ұзамай пайда болды. Бұл жұмыста ең көп шабыттандыратыны – нақты өлшенетін нәтиже», – дейді AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Қордың негізгі мақсаты – Қазақстандағы нәрестелер мен балалар өлімін, сондай-ақ туа біткен мүгедектікті төмендетуге мемлекетке қолдау көрсету. Осы мақсатқа жету үшін ұйым өз жұмысын негізінен денсаулық сақтау және білім беру бағыттарына шоғырландырған. Яғни, қор жеке азаматтарға тұрақты түрде қаржылай көмек таратудан гөрі мемлекеттік медициналық және білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Денсаулық сақтау саласында қор мемлекеттік перинаталдық орталықтарды, перзентханалар мен көпсалалы ауруханаларды медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Оның ішінде реанимациялық және диагностикалық жабдықтар бар. Сонымен бірге, дәрігерлер мен мейіргерлердің біліктілігін арттыруға, диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдерін енгізуге қолдау көрсетіледі. Қордың 19 жылдық жұмысының ауқымы да осы бағыттың жүйелі екенін көрсетеді. Осы уақыт аралығында AYALA 260-тан астам медициналық және білім беру ұйымына көмек көрсеткен. Жаңа туған нәрестелердің 68 реанимация бөлімі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қор мәліметінше, бұл Қазақстанда 250 мыңнан астам баланың өмірін сақтап қалуға көмектескен.
Жүзеге асқан жобалардың ішінде балалар кардиохирургиясына арналған «Мен де өмір сүргім келеді» бастамасының орны бөлек. Жоба аясында қазақстандық дәрігерлер шетелде білім алып, медициналық мекемелер жаңа туған нәрестелердің жүрегіне ашық операция жасауға қажетті құралдармен жабдықталған. Кейін бұл бағыт мемлекет тарапынан да белсенді дамып, мұндай операциялар елдегі медициналық тәжірибенің бір бөлігіне айналды. Ал «Өмір сыйлайық» жобасы жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімдерін жабдықтауға арналды. Оның аясында перинаталдық орталықтар мен перзентханаларға өкпені жасанды желдету және СИПАП аппараттары, инкубаторлар, ашық реанимациялық жүйелер, пациент мониторлары, анестезиологиялық-тыныс алу және рентген аппараттары, фототерапия шамдары және басқа да медициналық құрылғылар берілген.
Тағы бір маңызды бағыт – мерзімінен бұрын туған балалар арасында көру қабілетін сақтап қалу. «Әлемді көремін» жобасы осы мақсатқа бағытталған. Қор ауруханаларды ретиналдық камералармен, офтальмологиялық лазерлермен және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді. Қор ұсынған мәлімет бойынша, 2021–2025 жылдары шала туған балалардың ретинопатия салдарынан көру қабілетінен айырылып, мүгедектікке ұшырау көрсеткіші іс жүзінде нөлге дейін төмендеген.
«Қор табыстаған жабдық жыл сайын мыңдаған жаңа туған нәрестенің өмірін сақтап қалғанда, баланың көру қабілетін сақтап, оны мүгедектіктен қорғауға мүмкіндік болғанда немесе қазақстандық дәрігерлер бұрын тек шетелде жасалған операцияны өздері меңгергенде, атқарылған жұмыстың не үшін қажет болғанын түсінесің», – дейді Айдан Сүлейменова.
AYALA қызметінің екінші маңызды бағыты – балалардың білім алуы мен әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету. Бұл бағытта қор мектеп-интернаттар мен қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарында оқу шеберханаларын ашады. Мұнда жасөспірімдер кәсіптік және техникалық дағдыларды меңгереді. Сонымен қатар мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған STEM, ақпараттық технологиялар және креативті индустрия салаларындағы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.
Олардың қатарында «Кәсіби бағдарлау» ұлттық бағдарламасы бар. Бағдарлама құрамына Samsung Innovation Campus арқылы бағдарламалау бойынша тегін курстар және әлеуметтік маңызы бар STEM-жобалар байқауы – Solve for Tomorrow кіреді. Қор дерегінше, кәсіптік бағдарлау жобалары жыл сайын 4 мыңнан астам жасөспірімді қамтиды.
Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін қор серіктестерінің, қазақстандық және халықаралық компаниялардың, жеке қайырымдылық жасаушылардың қаражатын пайдаланады. Сондай-ақ, краудфандинг жәшіктері арқылы қорды қолдайтын ондаған мың қазақстандықтың қайырымдылық қаражаты да жобаларға бағытталады. Қор демеушілер мен жеке қайырымдылық жасаушылардан түскен қаражаттың 100 пайызын жобаларды іске асыруға бағыттау қағидатын ұстанатынын айтады. Әкімшілік шығындарды қордың құрылтайшысы қаржыландырады.
«Қайырымдылықтағы басты мәселелердің бірі – адамдардың ұйымдарға деген сенімі. Сондықтан біз 2007 жылдан бері жыл сайын қаржылық есептерімізді сайтта жариялап келеміз. 2016 жылдан бастап KPMG компаниясының тәуелсіз қаржылық аудитінен өтіп келеміз», – дейді қор президенті.
Қордың жұмысы мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастық арқылы да жүргізіледі. AYALA Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен үш ынтымақтастық туралы меморандум аясында жұмыс істейді. Ал Оқу-ағарту министрлігімен «Кәсіби бағдарлау» жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Қорға келіп түсетін өтінімдердің мазмұны да нақты қажеттіліктерге байланысты. Мемлекеттік мектептерден, ауруханалардан, перинаталдық орталықтар мен перзентханалардан медициналық немесе оқу жабдықтарының жетіспеушілігі, мамандарды оқыту және жаңа жұмыс әдістерін енгізу қажеттілігі туралы өтініштер түседі. Мұндай өтінімдер негізінде қор серіктестер іздеп, жобаларды қаржыландыру конкурстарына қатысады. Қаражат алынған жағдайда тиісті шарттар жасалып, жоба жүзеге асырылады. Кейін серіктестерге қаржының жұмсалуы туралы егжей-тегжейлі есеп беріледі.
Бұл жерде қайырымдылықтың бір реттік көмек емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған жүйе екені байқалады. Бір медициналық құралдың ауруханада орнатылуы белгілі бір кезеңдегі қажеттілікті шешсе, дәрігердің сол құралды дұрыс пайдалануды меңгеруі оның тиімділігін жылдар бойы арттыруы мүмкін. Сол сияқты балаға бір реттік көмек көрсетумен қатар, оның кәсіби бағдар алуына, жаңа дағды меңгеруіне жағдай жасау болашақтағы мүмкіндіктеріне әсер етеді.
Ал қоғамның қайырымдылыққа деген көзқарасы уақыт өте өзгеріп келеді. Адамдар әлеуметтік жобаларды қолдауға, қаражат жинауға және волонтерлікке жиі араласатын болған. Дегенмен алаяқтық жағдайлары бұл сенімге кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қайырымдылық жасайтын азамат үшін ұйымның ресми тіркелуі, жеке сайты, қаржылық есептілігі, жүзеге асырған жобалары, серіктестері және ресми төлем деректемелері туралы ақпаратты алдын ала тексеру маңызды.
«Алаяқтық сенімге әсер етеді. Ашықтығы күмән тудыратын қаражат жинауға қатысқан адам кейін көңілі қалып, ешкімге көмектескісі келмеуі мүмкін. Сондықтан қайырымдылық жасамас бұрын ұйымның ресми тіркелуін, сайтын, есептілігін, жүзеге асырған жобаларының тарихын, серіктестерін және ресми төлем деректемелерін тексерген жөн», – дейді Айдан Сүлейменова.
Шын мәнінде, қайырымдылықтың құны жиналған қаражат көлемімен ғана өлшенбейді. Оның қоғамға берген нақты нәтижесі маңызды. Бір баланың өмірін сақтап қалу, оның көру қабілетін қорғау, дәрігердің кәсіби біліктілігін арттыру немесе жасөспірімге болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік беру – қайырымдылықтың ұзақ мерзімді әсерін көрсететін өлшемдер. AYALA қорының 19 жылдық қызметі де осы ұстанымға негізделген. Қор үшін қайырымдылық тек қаржы жинау емес, нақты мәселені анықтап, оған жүйелі шешім іздеу, серіктес тарту, жобаны іске асыру және нәтижесін көрсету процесіне айналған. Ал қоғам үшін мұндай ашықтық қайырымдылық мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі болмақ.
Төлеген Абдрасилов
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026