Алматыда қасбеті жаңарған үйлердегі пәтер бағасы 30%-ға өсті
Алматының Бостандық ауданында қасбеті жаңартылған үйлердегі пәтерлердің бағасы қымбаттап кетті. Бұл туралы аудан әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Биыл 10 млрд теңгеге 70 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жұмыстары аяқталады. Қазір 45 көппәтерлі тұрғын үйдегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, тағы 25 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 2027 жылы тағы 59 үйдің қасбетін жаңарту жоспарланған. Қазіргі уақытта осы жұмыстар бойынша конкурстық рәсімдер өтіп жатыр.
Аудан әкімінің айтуынша, үйлердің қасбеті жаңартылғаннан кейін ондағы пәтерлердің құны да өскен.
«Нақты айтсақ, бұл жылжымайтын мүліктің бағасы 25–30%-ға өсті. Қасбеті мен үйлері жаңартылған нысандардың бағасын талдап, бақылап отырмыз. Онда коммерциялық нысандардың да, тұрғын үйлердің де құны 30%-ға дейін қымбаттаған. Бұған қоса, ғимараттардың сыртқы келбеті жақсарып, энергия үнемдеу көрсеткіші артады. Кейбір үйлер жай ғана қапталмайды, сонымен қатар жылу оқшаулауы жүргізіледі. Соның арқасында қыста үй жылы, жазда салқын болады», – деді Азамат Қалдыбеков.
Оның айтуынша, көптеген тұрғын өз үйлерін қасбеттерді жаңарту бағдарламасына енгізу туралы өтініш беріп жатыр. Алайда билік басымдықты магистральды көшелердің бойында орналасқан үйлерге береді.
Айта кетейік, тоғыз айда Қазақстанның 18 ірі қаласының 12-сінде пәтер бағасы қымбаттады. Ал жылдық есепте 16 қалада өсім байқалды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026