Ресейде 100 мың аюды атып өлтірмек
Ресейдің бірқатар өңірі шамамен 100 мың аюды шұғыл атуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.media.
Mash ақпаратына қарағанда, қазіргі таңда аю саны тым артып кеткен. Сондықтан аңшыларға әрбір атып алған аюы үшін 35 мың рубльге (188 мың теңгедей) дейін төленбек.
Табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы аю шабуылынан 59 адам зардап шеккен, оның алтауы Краснояр өлкесінде қаза тапқан.
Қазір аю аулауға берілетін рұқсаттың мерзімі – 30 күн. Осы уақыт ішінде аңшы аюды аулай алмаса, құжаттың күші жойылып, жаңасын рәсімдеу қажет. Енді бұл жүйені, сондай-ақ шамамен 5 мың рубль болатын алымды алып тастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде аю санын реттеу мақсатындағы аң аулау тегін болады. Ал әрбір атып алынған аю үшін өңірге қарай 15 мыңнан 35 мың рубльге дейін сыйақы төленеді.
Жаңа ережелер алдағы 10–30 күннің ішінде Бурятияда, Тывада, Иркутск облысында, Краснояр өлкесінде, Якутияда, Магадан облысында және Камчаткада күшіне енуі мүмкін.
Бұған дейін Иркутск облысында жидек теріп жүрген екі ер адамды аю талап өлтірген. Краснояр өлкесінде аю әйелдің үйіне кіріп, оған шабуыл жасаған. Ал Енисей округінде автотұрақ күзетшісін өлтірген. Тағы бір жыртқыш Тывада балық аулап отырған ресейлік хоккейші Андрей Кузьменконың әкесіне шабуыл жасаған, ер адам алған жарақатынан қайтыс болған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
2 қазан 2026