«Мұғалімнің рөлі арта түсті»: Тоқаев ұстаздарды мерекесімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мемлекет басшысы Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.
«Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат», – деді Президент.
Сонымен бірге ол Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді.
«Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз», – деді Президент
Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр.
Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда мемлекет Жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асырып жатыр.
Президент елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын жақсы үрдіске балады
– Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие болды. Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында елде мұғалімдер саны рекордтық деңгейге жетті. Жалпы білім беретін мектептерде 415,5 мың педагог жұмыс істеген.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің орташа жалақысы қанша
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
5 қазан 2026