Көкшетауда мектеп маңында жүріп келе жатқан көліктен бала түсіп қалды
Көкшетауда мектепке келген бала қозғалып келе жатқан көліктің есігін ашып, жолға құлап кеткен. Оқиға куәгерінің көлігіндегі бейнетіркегішке түсіп қалған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 5 қазан күні сағат 08:00 шамасында қалалық мектептердің бірінің маңында болған.
Полицияның анықтауынша, Subaru Forester жүргізушісі баланы түсіру үшін көлікті белгіленбеген жерге тоқтатқан. Алайда көлік әлі толық тоқтамай тұрған кезде бала есікті ашып, жолға құлап кеткен.
Сонымен қатар, көлікте баланы тасымалдауға арналған арнайы ұстап тұратын құрылғы немесе қауіпсіздік белдігіне арналған адаптер болмағаны анықталды.
«Оқиға бойынша жүргізуші жолаушыларды тасымалдау талаптарын және көлікті тоқтату ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді», – деп хабарлады полиция.
Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану ережелерін бұзуға қатысты 27 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында екі баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
5 қазан 2026