"14 сарбаздың өлімі": Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оны қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды kursiv.media.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
«ІІМ Әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу шеңберінде қызметке салғырт қарағаны үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын, 1-ранжирлі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», – деп хабарлады ІІМ.
Соттың санкциясымен ол тұтқындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Айта кетейік, Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымын Қанат Ниязбеков атқарған болатын. Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қорғаныс министрінің екі орынбасары және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар, 27 қыркүйекте Президент жаңа Қорғаныс министрі етіп Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау кезінде болды. Кенеттен көтерілген дауыл мен қатты желдің салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіздің ағысы алып кетті.
Оқиға салдарынан сол күні 12 адам қаза тауып, үш адам құтқарылды. 25 қыркүйекте тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026