Алматы облысында той кортежіне қатысушы 10 тәулікке қамалды
Алматы облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған той кортежіне қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Полиция мәліметінше, Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны Диас Әділбеков жол қозғалысы ережесін бұзып, өзге жүргізушілердің қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Оны іздеу барысында ер адамның Шымкентте жүргені анықталған.
Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.
Полицияның хабарлауынша, Әділбеков кортеждегі негізгі көліктің соңынан бірінші болып жеткен жүргізушіге 600 доллар сыйақы ұсынған. Кейін кортеж қатысушылары қоғамдық жолдарда бірқатар жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Бұған қоса, осыған дейін оқиғаға байланысты кортеждің бірнеше қатысушысы жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, Қарасай ауданының тұрғындары – Toyota Land Cruiser, ВАЗ және Mercedes-Benz көліктерінің жүргізушілері сот шешімімен 10 тәуліктен әкімшілік қамаққа алынған.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада той кортежіне қатысқан үш жолаушы 10 тәулікке қамалған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026