Ресей Иркутскіде оба тіркелмегенін хабарлады
Ресей денсаулық сақтау органдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) Иркутск қаласында оба ауруы тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бұған дейін Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкері қайтыс болғаннан кейін онымен байланыста болған адамдар карантинге жіберілген. Алайда жергілікті билік қауіпті диагноз әзірге расталмағанын мәлімдеді.
Шелехов ауданы әкімшілігінің өкілі Елена Софьинаның айтуынша, жағдай бақылауда. Карантинге алынғандардың 60 пайызы одан шығарылған.
АҚШ президенті Дональд Трамп 5 қазанда Ресейге Иркутск облысындағы жағдайға байланысты көмек ұсынған. Кремль өкілі Дмитрий Песков өзара көмек көрсету туралы ұсынысты оң бағалағанымен, жағдайға қатысты Роспотребнадзордың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.
Ал ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер Ресей тарапы Иркутскіде оба жағдайы тіркелмегенін ресми түрде хабарлағанын айтты. Reuters мәліметінше, қайтыс болған институт қызметкеріне обаға қатысты нақты зерттеу жүргізілген-жүргізілмегені әзірге белгісіз.
6 қазанда Роспотребнадзор Иркутск облысында күшейтілген санитариялық-эпидемиологиялық режим енгізілгені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мұндай шешім қабылданбағанын және өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026