Тоқаев Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық серіктестікті күшейтуге шақырды
Астанада Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің ірі компаниялары мен іскер топ өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту үшін құқықтық және институционалдық негізді нығайту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Инвестицияларды көтермелеу туралы келісім инвесторларға ашық әрі түсінікті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы екі елдің бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланысты күшейтуге де тоқталды.
«Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін», – деді Тоқаев.
Президент «Самұрық-Қазына» мен Оман инвестициялық басқармасы арасында бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама қосымша инвестиция тартуға жол ашады.
Сонымен қатар, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екені айтылды.
Тоқаев Оманды көлік-логистика саласындағы маңызды серіктес деп атап, екі ел кәсіпкерлерін жаңа жобаларды пысықтап, инвестиция көлемін арттыруға шақырды.
«Саяси деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске ұластырып, экономикалық байланыстарды қазақ-оман серіктестігінің тірегіне айналдыру басты міндет», – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Оман сұлтаны елордаға ресми сапармен 5 қазанда келген еді. Оны Астана әуежайында президент Тоқаев қарсы алған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
6 қазан 2026