Ұлттық банк алғаш рет KASE-де цифрлық ноталарды сатылымға шығарады
Қазақстан Ұлттық банкі 9 қарашада KASE биржасында мемлекеттік бағалы қағаздарды (ноталарды) сату бойынша аукцион өткізеді. Бұл жолы инвесторлар ноталарды әдеттегідей және жаңа цифрлық форматта – блокчейн технологиясы арқылы (токенизацияланған түрде) да сатып ала алады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазақстан фондық биржасының мәліметінше, цифрлық ноталарды орналастыру көлемі 50 миллиард теңгені, бір бағалы қағаздың құны 100 теңгені, ал айналым мерзімі 91 күнді құрайды.
Төлем жасау 11 қарашаға белгіленген. Өтінімдерді қабылдау Астана уақытымен сағат 11:30-да аяқталады. Токенизацияланған ноталармен жасалатын мәмілелер бойынша клиринг пен есеп айырысуды KASE клирингтік орталығы жүргізеді.
Экономист Эльдар Шамсутдинов бұл Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымы үшін маңызды қадам екенін атап өтеді. Дегенмен Ұлттық банк цифрлық құралдармен бұған дейін де тәжірибе жасаған болатын.
«2018 жылы Ұлттық банк халыққа банктер мен брокерлердің қатысуынсыз қысқамерзімді ноталарды тікелей сатып алуға мүмкіндік беретін Invest Online блокчейн-платформасын іске қосқан еді. Сатып алушы ноталар үшін теңге аударатын, Ұлттық банк бұл қаражатты айналымнан шығаратын, ал өтеу кезінде номиналды құнын қайтаратын», — деп еске салды Шамсутдинов.
Болашақта Ұлттық банк борыштық құралдарды токенизацияланған түрде шығаруды белсендірек пайдаланатыны анық.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026