NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг әйелінің көзіне шөп салғанын мойындады
Әлемдегі ең қымбат компанияның бірі, чип өндіруші Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг Қытайдың барлау қызметіне жұмыс істеді деген әйелмен жақын қарым-қатынаста болғанын мойындады деп жазады Axios.
«Мен әйелімнің көзіне шөп салдым. Осы ісіммен оның және балаларымыздың жүрегін ауырттым. Мұны ешнәрсемен ақтап ала алмайсың», – деп жазған ол компания қызметкерлеріне арнаған хатында.
Nvidia басшысының мәлімдемесінен кейін компания Хуанг шетелдік барлау қызметінің құрбаны болуы мүмкін бе деген мақсатта тәуелсіз зерттеу бастады. Дегенмен директорлар кеңесі Nvidia-ның құпия мәліметтері және ұлттық қауіпсіздігіне қатысты мәлімет өзгелерге берілуі мүмкін деп есептемейтінін мәлімдемеді.
New York Times басылымының жазуынша, Хуангпен жақын қарым-қатынаста болды деген әйел – Эллис Хуанг. Екеуінің тегі ұқсас болғанымен, ешбір туыстық қарым-қатынасы жоқ. Эллис Хуанг – Cингапурдегі Megaspeed компаниясының жетекшісі, Nvidia-дан чип сатып алады. New York Times дереккөздерінің айтуынша, америкалық арнайы қызмет Эллис Хуангты бақылап, оның Қытай үкіметінің тапсырмасымен әрекет еткен деген қорытынды шығарған. Сондай-ақ бір жылдан аса уақыт Дженсен Хуангпен романикалық сипатта хабарлама алмасып жүргенін де анықтаған.
Ал FT басылымының мәліметінше, АҚШ-тағы жоғары лауазымды шенеуніктерге америкалық компания басшысының Қытайдың тыңшылық қызметіне қатысы болуы мүмкін әйелмен байланысы туралы баяндама таратылған. Бұл құжат АҚШ президенті Дональд Трамптың қыркүйекте Бейжіңге сапары мен Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінің алдында жария болған.
Әзірге Элис Хуангтың Қытайға нақты қандай ақпарат бергені, оның қаншалықты маңызды болғаны және мәлімет жинауды қашан бастағаны белгісіз. Кәсіпкер әйелдің өзі New York Times басылымының сауалына жауап бермеді. Ал Қытай бұған дейін Nvidia компаниясының басшысына қатысты тыңшылық айыптауларын жоққа шығарып, оларды «негізсіз болжам» деп атаған.
Nvidia – әлемдегі ең ірі әрі қымбат компаниялардың бірі. Қазір нарықтық құны 4,5 трлн долларға бағаланып отыр. Дженсен Хуанг Nvidia компаниясын 30 жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді.
Осы жайттардан кейін АҚШ Конгресінің өкілдері миллиардерді шақырып, түсініктеме алмақшы.
Айта кетейік, Дженсен Хуанг жақында Қазақстанға алғаш рет келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында Хуанг Қазақстанды Physical AI технологияларының әлемдік орталығына айналдыруды ұсынды. Бұл бағыт жасанды интеллектіні робототехника және өнеркәсіп салаларымен біріктіреді. NVIDIA отандық стартап Higgsfield жобасына да инвестиция салған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026