Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

BYD Rolls-Royce пен Bentley-ге бәсекелес бола алатын люкс-седанын таныстырды

kz.kursiv.media

BYD Rolls-Royce пен Bentley-ге бәсекелес бола алатын люкс-седанын таныстырды

Қытайдың BYD компаниясы Yangwang Altior атты жаңа премиум электрлі көлігін таныстырды. Классикалық іскерлік седан үлгісінде жасалған автомобиль Абу-Дабиде көпшілікке көрсетілді. Бұл модельдің халықаралық нарыққа да бағытталғанын көрсетеді, деп хабарлайды КурсивАвто.

Yangwang Altior төрт электр қозғалтқышымен жабдықталған. Әр қозғалтқыш жеке дөңгелекті басқарады. Соның арқасында жүйе әр дөңгелектің айналу моментін секундына 100-ден астам рет реттей алады.

Көлікке Blade аккумуляторының екінші буыны орнатылған. Өндіруші мәліметінше, автомобиль CLTC сынақ циклі бойынша бір қуатпен 1 000 шақырымға дейін жүре алады. Ал Flash Charging технологиясы аккумулятор қуатын 5 минутта 10%-дан 70%-ға дейін толықтыруға мүмкіндік береді.

Автомобиль толық басқарылатын шассимен және интеллектуалды аспамен жабдықталған. Бұл жүйелер жүрісті жайлы етіп қана қоймай, көліктің бір орында айналуына да мүмкіндік береді.

Жаңа модельдің ерекше мүмкіндіктерінің бірі – апат кезінде суда қалқып тұру функциясы. Көлік суға түсіп кеткен жағдайда біраз уақыт су бетінде қалып, жолаушылардың одан шығуына мүмкіндік береді.

Yangwang Altior салоны жайлылыққа басымдық бере отырып жасалған. Әсіресе артқы қатардағы жолаушыларға арналған орындықтар электрлі реттеледі, желдетіледі және бірнеше режимде массаж жасайды. Сондай-ақ аяқ қоюға арналған тіреулер қарастырылған.

Арнайы SPA режимі іске қосылғанда алдыңғы жолаушы орындығы алға жылжып, артқы орындық шалқайып жатады. Терезелер мен панорамалық шатырдың перделері жабылып, салон жарығы бәсеңдейді.

Интерьерде қымбат материалдар қолданылған: алғашқы партиядағы көліктердің салоны сары нефритпен безендіріліп, орындықтары жартылай анилин былғарымен қапталған. Рульдегі эмблема 24 карат алтынмен қапталған.

Климат жүйесі ауаны тазартып, иондап, хош иістендіреді. Салонда екі тоңазытқыш бар, олардың бірі сусындарды салқындатып қана қоймай, жылыта да алады.

Артқы жолаушыларға арналған 21,4 дюймдік экраннан ойын-сауық контентін көруге және салондағы кейбір функцияларды басқаруға болады. Ал 39 динамиктен тұратын аудиожүйе әр жолаушыға жеке дыбыс кеңістігін қалыптастырады.

Yangwang Altior көлігінің Қытай нарығындағы бағасы 2 млн юань немесе шамамен 134,4 млн теңге болады. Ішкі нарықта ол Yangwang Dingyao атауымен сатылады.

Алғашқы партия небәрі 399 данамен шектелген. Көлікті брондау үшін сатып алушылар 300 мың юань (шамамен 20 млн теңге) алдын ала төлем жасауы керек. Тапсырыс берушілерге жеткізу 2027 жылы басталады.

Басқа елдердегі бағасы әзірге белгісіз. Өндіруші автомобильді 2027 жылдың жазында Ұлыбританияда өтетін Goodwood жылдамдық фестиваліне апаруды жоспарлап отыр. Шетелдік нарықтағы бағасы сол кезде жариялануы мүмкін.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
9 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар