СІМ: Ташкентте уланған қазақ балалары толық елге қайтты
Ташкентке футбол турниріне барамыз деп уланған футболшы балалар түгел елге қайтты. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов айтты деп жазады Kursiv Media.
«Олар қажетті ем-шара алды, барлық балалар қайтып келді. Жағдай сырттай қарағандай соншалықты қорқынышты емес. Иә, әрине мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған. Қазақстанда да, шетелде де осындай кейстер болады. Бірақ бастысы – денсаулыққа ұзақ мерімді зиян келген жоқ. Барлығы дұрыс»,- деді ол.
СІМ осы жағдайда көмектескені үшін өзбек әріптестеріне де рахмет айтты.
«Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі толық қолдау көрсетті. Қолдан келгенше барыншы көмектесті. Өзбек әріптестерімізге алғыс айтқымыз келеді», – дейді ведомство өкілі.
Жанболат Үсеновтың сөзінше, турнир ұйымдастырушылары жарысқа қатысқан балалар мен ата-аналардың жол шығындарын өтеуге уәде берген. Ал денсаулыққа зиян келтіргені үшін, моральдық өтемақылар тек тергеу біткеннен кейін ғана анықталады деді ол.
Бұған дейін Қарағандыдан Ташкентте өткен футбол турниріне барған бір топ бала уланып, ауруханаға түскенін жазған едік. Спорт жарысына балалар мен олардың ата-аналарын қосқанда 95 адам барған. Олардың он екісі Өзбекстанда ауруханаға түсіп, емделді. Өзбекстан министрлігінің мәліметінше, науқастардың бойынан жедел диарея белгілері байқалып, барлығы мамандандырылған ауруханаға жеткізілген. Осы жағдайға қатысты Ташкент прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026