TikTok қазақстандықтар жариялаған 1,37 миллионнан астам бейнероликті өшірді
TikTok платформасы 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 1,37 миллионнан астам бейнероликті жойды. Олардың 99,6%-ы пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып анықталып өшірілген. Бұл туралы компанияның Қауымдастық ережелерінің сақталуы жөніндегі есебінде айтылған, деп жазады Kursiv.Media.
Компания мәліметінше, сәуір-маусым айларында қауымдастық ережелерін бұзған бейнероликтердің 92,1%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.
Ал әлем бойынша осы кезеңде TikTok 188 миллионнан астам бейнероликті өшірген. Олардың 99,5%-ы пайдаланушылардың шағымынсыз анықталған. Сонымен қатар ереже бұзған контенттің 92,7%-ы жарияланғаннан кейінгі алғашқы тәулікте жойылған.
Платформа контентті тексеру кезінде жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелерді белсенді қолданады. Екінші тоқсанда әлем бойынша өшірілген бейнероликтердің 97,4%-ы осындай жүйелердің көмегімен анықталған. Бұл – компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар TikTok жалған аккаунттар мен жасанды белсенділікке қарсы күресті күшейткен. Есепті кезеңде платформа 352 миллионнан астам жалған аккаунттың ашылуына жол бермеген. Бұдан бөлек, жасанды жолмен көбейтілген 6,2 миллиардтан астам лайк пен 2,7 миллиард жалған жазылушыны жойған. Сондай-ақ жалған аккаунттардан жарияланған 190 миллион пікір өшірілген.
Компанияның мәліметінше, контентті модерациялау жұмысына жасанды интеллект жүйелерімен қатар қауіпсіздік мамандары да қатысады. Олар күрделі және даулы жағдайларды, сондай-ақ пайдаланушылар шағымданған материалдарды қосымша тексереді.
Оқи отырыңыз: Елдегі кәсіпкерлердің 70%-дан астамы TikTok-ты бизнес үшін пайдаланады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026