Түркияда зауыттағы жарылыстан 6 адам қаза тапты
Түркияның Измир провинциясына қарасты Алиаға қаласындағы HABAS металлургия зауытында болған қуатты жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны алты адамға жетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Төтенше жағдай жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 12:00 шамасында орын алды. Алдын ала болжамға сәйкес, жұмыс барысында сұйық болат құйылып жатқан сәтте көпірлі кран пешке құлап кеткен. Дәл осы техникалық ақау немесе қателік жарылысқа түрткі болған.
Бастапқыда билік орындары 3 адамның қаза тауып, 14 адамның жарақат алғанын (оның ішінде үшеуінің жағдайы ауыр екенін) хабарлаған еді. Кейін іздестіру жұмыстары барысында үйінді астынан тағы екі адамның денесі табылып, ауруханаға жеткізілген ауыр жарақаттағы науқастардың бірі көз жұмды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар үйінді астында қалуы мүмкін өзге де адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.
Түркияның Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи әлеуметтік желілердегі парақшасында оқиға алғашқы минуттардан бастап мемлекеттің бақылауында екенін мәлімдеді. Төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндірушілер салдарын жою және тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарын үйлесімді жүргізіп жатыр. Барлық зардап шеккендер дереу жергілікті ауруханаларға жеткізіліп, дәрігерлердің жіті бақылауына алынды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026