Астанада кафеге алдын ала тапсырыс беру қылмыстық іске ұласты
Астанада кафедегі орынды алдын ала брондау үшін келушілерден ақша жинаған 24 жастағы қызметкер ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Polisia.kz ақпаратына сүйенсек, ол мекеме әкімшілігінің рұқсатынсыз әрекет етіп, 10 адамды алдап үлгерген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 500 мың теңгеге жуықтайды.
Тергеу болжамы бойынша, ол әкімші жоқ кезде өзін салтанатты іс-шараларға тапсырыс қабылдауға өкілетті қызметкер ретінде таныстырып отырған. Кейін мерекелік шара ұйымдастырғысы келген азаматтардан алдын ала төлем алып келген.
Жәбірленушілер өздері жоспарлаған салтанатты шараны өткізуге келгенде ғана кафе әкімшілігінің бұл ақшадан да, тапсырыстан да хабарсыз екенін білген.
Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті кез келген қызмет ақысын төлемес бұрын мекеме өкілінің өкілеттігін тексеруге және ақшаны тек ресми касса арқылы аударуға кеңес береді. Сонымен қатар, төлемді растайтын түбіртектерді, чектерді және басқа да құжаттарды сақтап қою қажеттігін ескертеді.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада Instagram арқылы жөндеу және жиһаз жасау қызметін ұсынған ер адам алаяқтық жасағаны үшін сотталған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026