2027 жылы Қазақстанда бес спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді
2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды
– Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз», – деді президент.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырады.
«Атап өткен жөн, мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі. Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
9 қараша 2026