Қазақстанның бес өңірінде бизнесті қолдау орталықтары ашылады
Қазақстанның бес өңірінде бизнесті қолдау орталықтары ашылады. Бұл пилоттық жоба «Даму» қорының өңірлік филиалдары негізінде жүзеге асырылады.
Жоба тұжырымдамасы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды.
«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, кәсіпкерлер үшін түрлі мемлекеттік қолдау құралдары бар болғанымен, олар қиын кезде қайда жүгіну керектігін біле бермейді. Себебі туындаған мәселелер әртүрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретіне кіреді. Осыған байланысты бизнесті мәселені анықтаудан бастап оны шешкенге дейін кешенді сүйемелдейтін бірыңғай тетік қажет болып отыр.
Жобаны дайындау барысында «Атамекен» ҰКП тізіліміндегі шағын және орта бизнестің 2,4 мыңнан астам өтініші талданды. Бизнес өкілдері көбіне қаржыландыру, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау алу, салық, өнімді өткізу, кәсіпкерлік құзыретті дамыту және агроөнеркәсіп кешені бойынша жүгінген. Жаңа орталықтар дәл осы бағыттарда жұмыс істейді.
Олардың тиімділігі кеңес беру санымен емес, кәсіпкерлердің шешілген мәселелерінің үлесімен бағаланады.
Орталықтар жұмысын «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырады. Пилоттық жоба қыркүйектен желтоқсанға дейін бес өңір: Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында өтеді. Нәтижесіне қарай жобаны бүкіл елге тарату туралы шешім қабылданады.
2026 жылғы 4 тамыздан бастап жаңадан тіркелген жеке кәсіпкерлер автоматты түрде микрокәсіпкерлік субъектісі саналады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 тамыз 2026