Жемқорлық туралы хабарлағандарға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы төленуі мүмкін
Қазақстанда жемқорлық туралы енді азаматтық борыш ретінде ғана емес, нақты сыйақы алу үшін де хабарлауға болады.
Noks.kz хабарлауынша, ҰҚК төрағасы дайындалып жатқан немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлаған азаматтарды ынталандырудың жаңа қағидаларын бекітті.
Сыйақының ең жоғары мөлшері 17,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Оның көлемі істің мән-жайына, пара сомасына немесе келтірілген залал мөлшеріне, сондай-ақ хабарламаны қарау нәтижесіне байланысты болады.
«Ал кейбір мемлекеттік қызметшілер үшін ынталандырудың басқа түрі қарастырылған. Егер қызметтік міндетіне сәйкес олар өздеріне белгілі болған жемқорлық фактілері туралы басшылыққа немесе уәкілетті органдарға хабарлауға міндетті болса, оларға грамота табысталуы немесе алғыс жариялануы мүмкін», – делінген хабарламада.
Хабарлама түскеннен кейін қажетті материалдар 10 жұмыс күні ішінде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе ведомствоның аумақтық органына жіберіледі.
Одан кейін құжаттар тексеріледі. Оған бес жұмыс күні беріледі. Тексеруден кейін материалдар арнайы комиссияға жолданады. Оның құрамында кемінде бес ҰҚК қызметкері болуы тиіс.
Егер комиссия өтініш берушіні ынталандыру туралы шешім қабылдаса, тиісті бөлімшенің басшысы бұйрық шығарады. Дәл осы бұйрық ақша төлеуге немесе марапаттауға негіз болады.
Қаражат бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банк шотына аударылуы тиіс.
Жаңа қағидалар 2026 жылғы 22 тамыздан бастап күшіне енеді.
Айта кететін жайт, 2026 жылы 23 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Корея Республикасының 14 азаматын ұстады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 тамыз 2026