Comic Con Astana фестивалі Астанаға 5 млрд теңге пайда әкелді
Қала әкімдігінің алдын ала есебінше, Comic Con Astana 2026 фестивалі Астана экономикасына шамамен 5 млрд теңге жанама пайда әкелді. Kursiv Media редакциясының сауалына фестиваль ұйымдастырушылары осылай жауап берді.
Фестивальге төрт күнде шамамен 80 мың адам қатысқан. Әлемнің 40-тан астам елінен 12 мыңға жуық шетелдік қонақ келген. Олар қонақүй, қоғамдық тамақтану орындары, сауда және шағын әрі орта бизнестің табысын арттыра түсті. Одан бөлек шара оқиғалық туризмнің, креативті индустриялар мен кәсіпкерліктің дамуына ықпал етті дейді ұйымдастырушылар.
Comic Con Astana 2026 фестивалі мемлекет қаржыландыруынсыз өтті, қаржы жекелеген серіктестер мен демеушілер тарапынан бөлінген. Бірақ фестивальдің жеке бюджеті қанша екені, билет сатудан қанша пайда түскен белгісіз. Баспасөз қызметі бұл ақпаратты көрсетуден бас тартты.
«Comic Con Astana 2026 фестивалін өткізуге арналған жалпы бюджет, шығыстардың жан-жақты құрылымы және фестивальдің жекелеген бағыттарының өзіндік құны туралы ақпарат ұйымдастырушының коммерциялық құпиясына жатады және жария етуге болмайды. Сондай-ақ фестивальдің коммерциялық кірістерінің құрылымы туралы ақпарат тиісті келісімшарттармен реттеледі және тараптардың коммерциялық ақпаратына жатады. Осыған байланысты бұл мәліметтер жария етілмейді», – деп жазылған хабарламада.
Comic Con – кино, сериал, комикс, бейнеойын және косплей жанкүйерлерінің басын қосатын халықаралық бренд. Биылғы жұлдызды хедлайнер – «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлін сомдаған даниялық актер Николай Костер Вальдау болды. Шара қонақтары экрандағы сүйікті кейіпкерлерінің бейнесін «тірілтіп», костюм тігіп, халықаралық косплей байқауына қатысты.
Оқи отырыңыз: Comic Con Astana 2026-ның алғашқы күні: Ең ерекше әрі жарқын образдар (фото)
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
12 тамыз 2026