Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Телефон сатып алу ережесі өзгерді: Сатып алушы нені білуі керек?

kz.otyrar.kz

Телефон сатып алу ережесі өзгерді: Сатып алушы нені білуі керек?

Қазақстанда 20 тамыздан бастап ұялы телефондарды сату тәртібіне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді верификациядан өтпеген смартфондарды сатуға тыйым салынды. Жаңа ереже дүкендермен қатар интернет-дүкендер мен маркетплейстердегі сатушыларға да қатысты. Өзгерістің негізгі мақсаты – Қазақстанға заңсыз әкелінген немесе пайдаланылуына шектеу қойылған мобильді құрылғылардың саудаға түсуіне жол бермеу.

Верификация деген не?

Верификация – телефонның Қазақстан аумағында заңды түрде пайдаланылуына болатынын тексеру рәсімі. Бұл кезде құрылғының IMEI нөмірі тексеріледі. IMEI – әр ұялы телефонға берілетін бірегей сәйкестендіру коды. Мысалы, смартфон шетелден Қазақстанға әкелінді делік. Оны елімізде пайдалану үшін құрылғының қайдан әкелінгені және заң талаптарына сәйкес келетіні тексеріледі. IMEI нөмірі тиісті деректермен салыстырылып, телефонның мәртебесі анықталады. Талаптарға сәйкес келген құрылғы верификациядан өтеді. Қазақстанда телефондарды верификациялау бұған дейін де жүргізілген. Бірақ бұрын верификациядан өтпеген телефонды сатуға нақты тыйым болмаған. Енді бұл талап заңмен бекітіліп, мұндай құрылғыларды саудаға шығаруға болмайды.

Сатушыларға қандай міндет жүктелді?

Телефон сататын кәсіпкерлер енді құрылғыны тұтынушыға ұсынбас бұрын оның верификациядан өткенін және оған қандай да бір шектеу қойылмағанын тексеруге міндетті. Сонымен қатар сатып алуды растайтын құжатта телефонның идентификациялық кодын көрсету қажет. Верификация мен тиісті тексерулерге байланысты шығындарды сатушының өзі көтереді. Ал телефонды сатып алушының атына тіркеу тегін жүргізіледі. Бұл талап маркетплейстерге де қатысты. Яғни интернеттен телефон сатып алған адам да құрылғының мәртебесін тексеруге құқылы. Сатушы «маркетплейс арқылы саттым» деген себеппен бұл жауапкершіліктен босатылмайды. Жаңа талапты бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Оның көлемі кәсіпкерлік субъектісінің түріне қарай 90-нан 600 АЕК-ке дейін жетеді. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 389 мың теңгеден 2,6 миллион теңгеге дейін.

Сатып алушы телефон аларда нені тексеруі керек?

Ең алдымен сатушыдан құрылғының IMEI нөмірін немесе идентификациялық кодын сұраған дұрыс. Осы код арқылы телефонның верификациядан өткен-өтпегенін тексеруге болады. Мысалы, адам жаңа смартфонды бірнеше жүз мың теңгеге сатып алғалы отыр. Тек оның бағасы мен техникалық сипаттамасына қарап шешім қабылдау жеткіліксіз. Ақшаны төлемес бұрын телефонның мәртебесін анықтап, сатып алуды растайтын құжатты алған жөн. Телефонды өз атына тіркеу үшін сатып алушының ЖСН-і, құрылғының идентификациялық коды және пайдаланылатын абоненттік нөмірі қажет болады. Бұл мәліметтер ұялы байланыс операторлары арқылы тиісті деректер базасына жіберіледі. Тіркеу рәсімі тұтынушы үшін тегін.

Верификациядан өтпеген телефон сатылса не істеу керек?

Егер сатып алушыға талапқа сәйкес келмейтін телефон сатылса, ол тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға сәйкес сатушыға талап қоя алады. Мәселен, сатып алушы тауар бағасын төмендетуді, мәселені тегін жоюды немесе өзі жұмсаған шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ телефонды дәл сондай модельге ауыстыруды немесе басқа модельге алмастырып, баға айырмасын қайта есептеуді сұрай алады. Белгілі бір жағдайда келісімшартты бұзып, ақшаны қайтаруды талап етуге де мүмкіндік бар. Мұндай жағдайда талап телефон өндірушісіне емес, құрылғыны сатқан сатушыға қойылады. Сондықтан чек пен сатып алуға қатысты құжаттарды сақтап қою маңызды.

Шетелден телефон әкелетіндерге де шектеу бар

Жаңа ереже жеке тұлғаларға да қатысты. Қазақстанға шетелден жеке пайдалануы үшін әкелінген екі телефонды ғана бір күнтізбелік жыл ішінде верификациядан өткізуге болады. Мысалы, азамат бір жыл ішінде шетелден екі смартфон әкелсе, оларды белгіленген тәртіппен рәсімдей алады. Ал үшінші және одан кейінгі телефондар бұл рәсімнен өте алмайды. Бұл талап жеке тұлғалардың атынан көп мөлшерде телефон әкеліп, оларды кейін саудаға шығару жағдайларын шектеуге бағытталған.

Айта кетейік, телефондарды верификациялау кейін мемлекеттік монополия саласына өтеді. Бұл норма 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Оған дейін өтпелі кезең қарастырылған.

Қысқасы, енді телефон сатып алғанда оның камерасы, жадысы немесе бағасымен ғана шектелмеу керек. *IMEI нөмірін тексеру, верификация мәртебесін анықтау және сатып алуды растайтын құжатты алу – тұтынушы үшін маңызды қадамдар.* Ал сатушылар үшін басты талап – верификациядан өтпеген құрылғыларды сатылымға шығармау.

Төлеген Абдрасилов,

«Оңтүстік Рабат» газеті, №35, 27 тамыз 2026 жыл

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 тамыз 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар