Жұлдыз Әбдікәрімова қоғамдағы әйелдер қауіпсіздігіне қатысты үн қатты
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда жиілеп кеткен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен отбасылық трагедияларға байланысты жүрекжарды жазба жариялады. Өнер иесі ел ішіндегі соңғы жаңалықтардың жанына батқанын айтып, әрбір азаматты «адамдық меже» туралы ойлануға шақырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жұлдыз Әбдікәрімова ел келешегі талқыланып жатқан шақта тағы бір ананың өз жарының қолынан қаза тапқанына алаңдаушылық білдірді.
«Елдің болашағы туралы айтып, келешегімізді талқылап жатқанда, тағы бір ана ажал құшты. Өзге біреуден емес, өзі сүйіп, сеніп, өмірін байлаған жарынан. Қыз баласы үшін өз үйі, өз жары қауіпсіз бола алмаса, біз қандай болашаққа ұмтылып жүрміз?» – деп жазды актриса.
Өнер иесі бұл трагедияға тек тәрбиесіз ер адамды немесе қатыгез қоғамды айыптау жеткіліксіз екенін алға тартады. Оның пікірінше, бұл мәселенің түп-тамыры әрбір жеке тұлғаның ішкі ар-ожданы мен адамгершілік шегінде жатыр.
Актриса қоғамды өзгертуді әркім өзінен бастауы керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң, білім және тәрбиемен қатар, әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігі ауадай қажет.
«Әр ана ұлы мен қызына адамдық пен мейірімді үйретсе, әр ер азамат өз әрекетіне жауап берсе, әр әйел өз сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қараса, әр шенеунік атқарып отырған қызметін аманат деп түсінсе, қоғам да біртіндеп өзгерер ма еді? Бірақ олардың бәрінен бұрын, әркім өзінен былай сұраса екен: Менің АДАМдық межем қандай?» – деп түйіндеді сөзін Жұлдыз Әбдікәрімова.
Еске сала кетейік, бұған дейін блогер Бота Мианың зорлық-зомбылық туралы жариялаған видеосы миллиондаған қаралым жинаған еді.
- Соңғы
-
-
- Тамыз, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 тамыз 2026