Зейнетақы жинағын кімге сеніп тапсыруға болады?
Зейнетақы жинағы – адамның болашағына арналған ұзақ мерзімді қаржысы. Сондықтан оны кім басқаратыны, қандай құралдарға инвестицияланатыны және тәуекел деңгейі қандай екені салымшы үшін маңызды мәселе. Биыл 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушыларға беру тәртібі өзгереді. Ең басты жаңалық – азаматтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияға бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 пайызбен шектелген еді.
Инвестициялық портфельді басқарушы – клиенттің қаражатын оның атынан түрлі қаржы құралдарына орналастыратын лицензиясы бар компания. Яғни салымшы ақшасын басқарушыға тапсырғанымен, компания оның орнына инвестициялық шешімдер қабылдайды. Мысалы, бір басқарушы қаражаттың едәуір бөлігін облигацияларға бағыттаса, екіншісі басқа қаржы құралдарын таңдауы мүмкін. Соған байланысты олардың инвестициялық стратегиясы мен тәуекел деңгейі де әртүрлі болады.
Жаңа ереже бойынша салымшы басқарушыны өзі таңдайды. Ол үшін алдымен зейнетақы активтерін басқаруға рұқсаты бар компаниялардың қызметін салыстырып, өзіне қолайлы нұсқаны анықтауы қажет. Қазіргі таңда мұндай қызметті алты компания жүзеге асырады. Алайда олардың барлығының жұмыс бағыты, инвестициялық портфелі мен көрсеткіштері бірдей емес.
Сондықтан компания таңдағанда тек «қайсысы көп табыс әкелді?» деген сұрақпен шектелуге болмайды. Зейнетақы қоры инвестициялық кіріске, басқарудағы зейнетақы активтерінің көлеміне, портфельдің құрылымына, компанияның қаржылық жағдайына және инвестициялық стратегиясына назар аударуды ұсынады. Сонымен бірге реттеуші орган тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар мен санкциялар туралы ақпаратты да қараған жөн. Мысалы, екі басқарушының бір жылдағы инвестициялық кірісі жоғары болуы мүмкін. Бірақ олардың бірі тәуекелі төмен құралдарға басымдық берсе, екіншісі жоғары табысқа ұмтылып, тәуекелі көбірек активтерді таңдауы ықтимал. Сондықтан тек өткен кезеңдегі кірістілікке қарап шешім қабылдау дұрыс емес. Бұған қоса бұрынғы табыс болашақта дәл сондай нәтиже болады деген кепілдік бермейді.
Компания туралы қажетті мәліметтерді арнайы ақпараттық платформа арқылы салыстыруға болады. Онда басқарушылардың инвестициялық кірісі, портфель құрылымы және басқа да көрсеткіштері жарияланып отырады. Бұл салымшыға шешім қабылдамас бұрын бірнеше нұсқаны салыстыруға мүмкіндік береді. Зейнетақы жинағын басқарушыға беру үшін салымшы белгіленген нысанда өтініш береді. Оны зейнетақы қорының сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе қордың бөлімшесіне барып рәсімдеуге болады. Өтініштің мәртебесін жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан бақылауға мүмкіндік бар.
Бұл ретте жинақ басқарушы компанияға берілгеннен кейін де зейнетақы қорындағы есептен жоғалмайды. Қор салымшының жинағын есепке алуды жалғастырады. Егер азаматтың қаражаты бірнеше портфельде болса, олардың әрқайсысы бөлек есепке алынуы мүмкін.
Жаңа тәртіп азаматтарға зейнетақы қаражатын басқаруда көбірек таңдау береді. Бірақ таңдау еркіндігімен бірге жауапкершілік те артады. Сондықтан жинақты бір компанияға аудармас бұрын оның табысын ғана емес, тәуекелін, инвестициялық стратегиясын және қаржылық тұрақтылығын жан-жақты зерделеген жөн. Өйткені бұл – қысқа мерзімді пайда үшін емес, адамның болашақтағы зейнетақы қамсыздандыруына арналған қаражат.
Төлеген Абдрасилов,
«Оңтүстік Рабат» газеті, №35
- Соңғы
-
-
- Тамыз, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 тамыз 2026