Елде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс өте жоғары
Елдегі жұмыс күші 9,8 миллион адамды құрағанымен, жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс өте жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, басты міндет – экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің біліктілігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы өзара сәйкестікті толық қамтамасыз ету.
Осы принципке орай, алдағы уақытта жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері құрылатын болады.
Ведомство басшысы еліміздегі еңбек нарығының ағымдағы жағдайына да тоқталды.
«Бүгінгі таңда еліміздегі еңбек күшінің жалпы саны 9,8 миллион адамды құраса, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған (жұмыспен қамту деңгейі – 96%). Дегенмен, сандық көрсеткіштер тұрақты болғанымен, сапалық тұрғыдан еңбек нарығында жұмысшы кадрларға деген орасан зор тапшылық байқалуда», – деді министр.
Еңбек нарығында жұмысшы кадрларға деген тұрақты сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Атап айтқанда, Электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос орындардың жартысынан астамы – дәл осы жұмысшы мамандықтардың үлесінде.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстандағы еңбек нарығында құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында мамандардың тапшылығы байқалатынын айтқан еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026