2030 жылға қарай колледж жасындағы жастар 1,5 млн-ға жетеді: елге қанша маман керек
Қазақстанда колледждерде білім алатын студенттер саны 556 мыңнан асты. Алайда алдағы жылдары еңбек нарығына қажетті мамандар саны бұдан да жоғары болады. 2030 жылға қарай елдегі колледж жасындағы жастар саны 34%-ға өсіп, 1,5 миллионға жетеді. Осы кезеңде экономикаға жыл сайын 225-256 мың маман қажет болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған баяндамасында айтты деп жазады Kursiv.Media.
Қазір елімізде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Үш жыл ішінде студенттер саны 542,7 мыңнан 556,2 мыңға дейін өсіп, 13,5 мың адамға артқан.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де ұлғайып келеді. 2023–2024 оқу жылында 344,9 мың орын бөлінсе, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 393,3 мың орынға жеткен. Үш жылдағы өсім – 48,4 мың орын немесе 14%.
Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беруге жұмсалатын мемлекеттік қаржы көлемі 2025-2026 оқу жылында 424,9 млрд теңгеге жеткен. Үш жыл ішінде қаржыландыру 108,2 млрд теңгеге немесе 34,1%-ға өскен.
«Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін нәтижеге айналдыру», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Түлектер саны да жыл сайын көбейіп келеді. 2023-2024 оқу жылында колледждерді 141,3 мың адам бітірсе, 2025-2026 оқу жылында бұл көрсеткіш 169,2 мыңға жеткен.
Әсіресе жұмысшы біліктіліктері бойынша түлектер саны 47,5 мыңнан 60,1 мыңға дейін өскен.
Жұмысқа орналасу көрсеткіштері де жақсарған. Үш жыл ішінде мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлектер саны 72 мыңнан 90,6 мың адамға дейін, ал жалпы жұмысқа орналасқандар саны 92,8 мыңнан 112,7 мыңға дейін артқан.
Жұмысшы мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 68%-ды құрап, үш жыл ішінде 3 пайыздық тармаққа өскен.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қажеттілігі демографиялық өзгерістермен де байланысты.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстан халқы 10%-ға өсіп, 21,6 млн адамға жетеді. 15-28 жастағы жастар саны 29%-ға артып, 4,6 млн адам болады.
Ал 15-18 жастағы, яғни колледж жасындағы жастар саны 34%-ға өсіп, 1,1 млн-нан 1,5 млн адамға дейін көбейеді.
Осы кезеңде еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225-256 мың адам деңгейінде болады. Министр баяндамасында сұранысы жоғары мамандықтардың 70%-дан астамы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тиесілі екені айтты.
Айта кетейік, Қазақстанда еңбек нарығына қажет мамандар мен колледждерде даярланып жатқан кадрлар арасында айтарлықтай алшақтық бар. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында тапшылық байқалады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026