Халық 20 млн теңгеден қымбат ипотека алып жатыр
Биыл 6 айда Қазақстанның банк секторында қызық тенденция байқалды: халыққа берілетін жалпы несие көлемі азайғанымен, ипотека нарығы қарқынды өсті, деп хабарлайды, Kursiv.Media.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, банктердің жаңа несие беру көрсеткіші төмендегеніне қарамастан, ипотека рәсімдеу 12,4%-ға артып, 1,1 триллион теңгеге жетті.
Алайда бұл көрсеткіш халықтың төлем қабілеті артып, баспанаға сұраныс артты дегенді білдірмейді. Нарықтағы бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – тек мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар мен «Отбасы банк».
Бүгінде банктердің коммерциялық ипотекасы халық үшін қымбат болып отыр. Себебі банктердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, ал халықтың табысы баспана бағасының өсу қарқынына жетер емес.
Мысалы, жаңа салынған үйлердің бағасы 15,5%-ға, ал екінші деңгейдегі баспана 11,8%-ға қымбаттағанда, халықтың нақты табысы бар-жоғы 0,1%-ға көтерілді. Соның салдарынан коммерциялық банктер арқылы ипотека алушылар үлесі 14,3%-ға дейін құлдырап, несиенің басым бөлігі «Отбасы банкке» ауысты.
Баспана қымбаттаған сайын халыққа алғашқы жарна жинау қиындай түскен. Сонымен қатар үй бағасының өсуі несие сомасының да ұлғаюына әкелді: қазір ипотека алушылардың 40%-ға жуығы 20 миллион теңгеден асатын қарыз алуға мәжбүр.
Халық арасында тұрғын үй мен көлік сатып алуға өтініш білдіргендер көбейген. Бір тоқсанда ипотекаға берілген өтініш 19 пайызға өсіп, 228 мыңға жеткен.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026