Назарбаев зияткерлік мектептері оқушы қабылдауды қысқарта ма
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев зияткерлік мектебінің тағдыры қалай шешілетінін айтып берді, деп хабарлайды Kursiv Media.
Министр Үкіметтегі брифингте «Назарбаев зияткерлік мектептері келесі жылдан бастап бала қабылдауды қысқарта ма?» деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, НЗМ-нің үш жылдық бюджеті бекітілген және қаржыландыру 2028 жылға дейін қарастырылған. Сондықтан келесі оқу жылындағы қабылдау көлемін қысқарту мәселесі күн тәртібінде жоқ.
«Қалай болды, солай болады. Мысалы, мектепте төрт сыныптық жинақ болса, келесі жылы да төрт сынып көлемінде қабылдау жүргізіледі», – деді ол.
Министрдің сөзінше, қазір НЗМ-де іріктеу арқылы шамамен 12 мың оқушы білім алып жатыр. Алайда сапалы білім тек арнайы іріктеуден өткен балаларға емес, ауыл мен қаладағы барлық оқушыға қолжетімді болуы керек.
«Біздің ұстанымымыз сапалы білім баршаға қолжетімді болуы тиіс. Бала ауылда немесе қалада дүниеге келгеніне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға құқылы», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, елімізде 217 «Келешек мектебі» салынған. Бұл мектептерде қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қатар, бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын енгізу көзделіп отыр.«Келешек мектептерінде» НЗМ, РФММ және БИЛ бағдарламаларына негізделген сыныптарды ашу жұмыстары басталған.
Сонымен қатар министр НЗМ-ге түсу кезінде конкурс жоғары екенін атап өтті. Бір орынға орта есеппен 13 бала таласады. Кейбір оқушылар қажетті балды жинай алмай, мектепке түсе алмай қалады.
«Бір балл немесе бес балл жетпей қалған балалардың кейінгі тағдырына кім қызығушылық танытады? Меніңше, Назарбаев Зияткерлік мектептері осындай балаларды қолдайтын арнайы платформа құрып, олардың білім алуына әрі қарай жағдай жасауы керек еді», – деді министр.
Тағы да оқыңыз: Назарбаев Зияткерлік мектептеріне eGov.kz арқылы құжат тапсыруға болады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026