Биржадан тыс мәмілелер: шетелдік инвесторлар салықтан босатылуы мүмкін
Үкімет пен Ұлттық банк шетелдік инвесторларды қазақстандық нарыққа тартудың жаңа жолдарын қарастырып жатыр. Соның бірі – квазимемлекеттік сектордың облигацияларын Euroclear және Clearstream сияқты халықаралық депозитарлық жүйелер арқылы сату. Алайда бұл бастамаға қолданыстағы Салық кодексіндегі бір олқылық кедергі болып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсенің 27-отырысында осы мәселе арнайы талқыланды.
Бүгінде шетелдік инвестор (бейрезидент) квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларын Қазақстан қор биржасында (KASE) сатса, одан түскен құн өсіміне салық төлемейді. Заңда бұл жеңілдік анық жазылған.
Ал сол бағалы қағазды биржадан тыс нарықта (OTC) сатса, мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, заңнамадағы бұл айырмашылық инвесторлар үшін үлкен кедергіге айналған.
Euroclear мен Clearstream жүйелері арқылы жасалатын мәмілелер Қазақстанның сауда немесе есеп айырысу инфрақұрылымы арқылы өтпейді. Нәтижесінде, екі бейрезидент бір-біріне халықаралық жүйеде бағалы қағазды сатқанда немесе шетелдік инвестор оны отандық қатысушыға биржадан тыс ұсынғанда, ұйымдасқан нарыққа арналған салық жеңілдігін қолдана алмайды.
Қазіргі уақытта айналымда жүрген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің теңгедегі облигациялар көлемі 17,6 трлн теңгені құрайды.
2026 жылдың сегіз айындағы мемлекеттік бағалы қағаздардағы шетелдіктердің орташа үлесін (8,1%) негізге алсақ, олардың квазимемлекеттік облигацияларға салатын пинвестиций әлеуеті 1,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Салық режиміндегі алшақтық осы қомақты қаржының Қазақстанға келуін шектеп, халықаралық инфрақұрылымның мүмкіндігін толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Жобалық кеңсе өкілдері бұл түйткілді шешуге келісті. Квазимемлекеттік облигациялармен биржадан тыс жасалатын мәмілелер бойынша да құн өсімінен түсетін кірісті салықтан босату тәсілі толық қолдау тапты.
Енді Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп, салық заңнамасына тиісті түзетулер дайындайды. Нақты өзгерістер әзірленген соң, нарық қатысушыларына қосымша хабарланады.
Кейінгі жылдары бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға сұранысы артқан.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026