Қазақ актрисасы ойнаған фильм Қырғызстан атынан Оскарға ұсынылды
Қырғызстанның Ұлттық іріктеу комитеті ел атынан 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық толықметражды фильм» санатына ұсынылатын картинаны таңдады. Комитет шешімі бойынша Бекзат Пирматовтың «Кассандра» фильмі қатысады деп хабарлайды Kursiv Media.
«Кассандра» – мистикалық этнохоррор жанрындағы фильм. Картинада психологиялық драма, фольклор және әлеуметтік астар тоғысып, қорқыныш, адамның ішкі жарақатымен бетпе-бет келуі деген тақырыптар қозғалады.
Фильм Бішкек пен Ыстықкөл облысының Ақ-Терек ауылында түсірілген. Негізгі түсірілім алаңы ретінде ауылда арнайы үй салынған. Ал картина аяқталғаннан кейін ғимарат толықтай бұзылған.
Фильмдегі басты рөлді қазақстандық театр актрисасы Еңлік Айымағазы сомдады. Бұл – оның кино саласындағы алғашқы еңбегі. Емші рөлін Қырғызстанның халық әртісі, сахнада 60 жылдан астам еңбек еткен Құлайым Қаныметова орындады. Сондай-ақ фильмде «Отель Элеон», «Чебурашка», «Чебурашка 2», «Два холма» сияқты жобаларымен танымал Жаннатбек Керімбаев ойнаған. Картинаға қырғыз актерлері Айнұр Қашқынбекқызы, Шаршекүл Аманова және Эльдияр Жарашев та қатысқан.
«Кассандра» – режиссер Бекзат Пирматовтың екінші толықметражды жұмысы. Оның алғашқы режиссерлік фильмі «Аврора» 2018 жылы Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілген. 2019 жылы бұл картина Қырғызстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылған.
Оқи отырыңыз: Ұстаз туралы фильм Испаниядағы кинофестивальге қатысады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026