Мұғалімдер сабақ сағаты үшін директорға жалтақтамайды: жүктемені ЖИ бөліп береді
Енді мұғалімдер сабақ сағатын алу үшін мектеп директорына жалтақтамайды. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге тиесілі сағаттарды әділ бөлуді жасанды интеллект арқылы автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.
Қазір мектептерде сабақ сағатын бөлу мұғалімдер арасында жиі дау туғызатын мәселелердің бірі. Бір педагогке 16 сағат беріліп, екіншісіне 24 сағат бөлінген жағдайда, мұның себебі мен әділдігіне қатысты сұрақ туындайды.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе мұндай дауларды азайтып, әр мұғалімнің қанша сағат алуы керегін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.
Жаңа платформада республика бойынша оқушылар саны, олардың сыныптарға бөлінуі, өңірлердегі сынып саны және әр пәннің оқу жүктемесі есепке алынады. Осы мәліметтердің негізінде мектептегі жалпы оқу сағаты анықталып, мұғалімдердің орташа жүктемесі есептеледі.
«Осы сағаттарды әділетті бөлу негізінде кез келген мұғалімнің орташа жүктемесі айқындалады. Мұның барлығын ЖИ платформада өзі жасап, есептеп беруі керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр сабақ сағатын бөлу кезінде мектеп басшысының субъективті шешіміне тәуелділікті азайту қажет екенін айтты.
«Шынтуайтында, бірде-бір мұғалім директорға осы сағат үшін мәжбүрлі түрде басыбайлы болмауы керек. Бұл – менің принципалды ұстанымым. Сондықтан мұны шешетін – цифрлық технология, тек қана ЖИ деп ойлаймын», – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа жүйеде мұғалімнің біліктілігі, тәжірибесі және санаты да ескеріледі. Қазір Оқу-ағарту министрлігі Қаржы департаментімен бірлесіп, мұғалімдердің жалпы оқу жүктемесін есептейтін цифрлық шешімді енгізу үстінде. Министрдің айтуынша, бұл тетіктің нақты шешімі бір жыл көлемінде айқындалады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
8 қыркүйек 2026