Роналду Португалия құрамасынан неге кеткенін айтты
Криштиану Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынын мерзімінен бұрын тастап кетуіне қатысты алғаш рет егжей-тегжейлі мәлімдеме жасады. 41 жастағы футболшы бас бапкер Жорже Жезушті екі рет уәдесінде тұрмады деп айыптады. Сонымен бірге Роналду өз әрекеті үшін жанкүйерлер мен командаластарынан кешірім сұрап, ұлттық құрамадағы мансабын әлі аяқтамайтынын мәлімдеді.
Роналдудың сөзінше, 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін ол Португалия құрамасынан кетуге дайын болған. Тіпті португал халқына арналған қоштасу хатын жазып қойған. Алайда Португалия футбол федерациясының президенті одан шешімін қайта қарауды сұраған. Кейін федерация басшысы жаңа бас бапкер қызметіне Жорже Жезуштің кандидатурасы туралы Роналдудың пікірін сұрапты. Футболшы бұл таңдауды қолдағанын айтады.
Жезуш құраманы қабылдағаннан кейін Роналдумен жеке кездесіп, оны өз жобасының маңызды бөлігі ретінде көретінін айтқан. Бапкер футболшының ойын уақытын физикалық жағдайына қарай реттеу жоспарын ұсынған. Роналду Норвегия мен Данияға бармай, Португалияда қалу ұсынысын қабылдамаған. Оның пікірінше, капитан ретінде командадан бөлек қалып, ерекше жағдайды пайдалану дұрыс үлгі болмас еді.
Норвегиямен матч болатын күні Жезуш Роналдудан 30 минут ойнауға дайын ба деп сұраған. Бастапқы жоспарда бұл кездесуде алаңға шығу қарастырылмаса да, футболшы келісім берген.
Алайда Роналду екінші тайм басталғаннан бері қыздырынып жатқанымен, алаңға сол күйі шықпады.
«Уақыт өтіп жатқанын сырттан бақылып ғана тұрдым, бірақ мені алаңға шығармады. Бас бапкер сөзінде тұрмады», – деді Роналду.
Ол матчтан кейін жанкүйерлермен амандаспай бірден кетіп қалғанын да мойындады және бұл әрекеті үшін кешірім сұрады.
Алайда Роналдудың айтуынша, Жезуш баспасөз мәслихатында олардың жеке кездесуде келіскенінен мүлде басқа позиция ұстанған.
Осыдан кейін Роналду ұлттық құраманың лагерінен кетуге шешім қабылдаған.
Сонымен бірге Португалия капитаны командаластарын тастап кеткені дұрыс болмағанын мойындап, олардан және португал халқынан кешірім сұрады.
Роналду Португалия футбол федерациясы оның әрекетіне баға беріп, жаза қолдануға тиіс екенін де айтты. Оның пікірінше, капитан болуы жауапкершілікті азайтпайды, керісінше арттырады.
Ең бастысы – Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын әзірге аяқтамайтынын нақты білдірді. Ол алдағы уақытта бір немесе бірнеше қоштасу матчы болатынын айтқанымен, қазір басты мақсаты Португалия үшін ойнап, жеңіске жету екенін жеткізді.
«Егер физикалық жағдайым жақсы болып, клубымда ойнап, гол соғып жүрсем және маған берілетін жазаны өтесем, ұлттық құрама үшін күресіп, жеңіске жетуге бұрынғыдай дайын боламын», – деді Роналду.
Осылайша, Жезушпен арадағы дауға қарамастан, Роналду Португалия құрамасына қайта оралуға дайын екенін ашық мәлімдеді. Бас бапкер де бұған дейін футболшының ұлттық командаға оралуына есік ашық екенін айтқан.
- Соңғы
- Қазан, 07
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
8 қазан 2026