Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Әлеуметтік желідегі қорлау мен рұқсатсыз суреттер жедел өшірілуі мүмкін

kz.kursiv.media

Әлеуметтік желідегі қорлау мен рұқсатсыз суреттер жедел өшірілуі мүмкін

Қазақстанда әлеуметтік желідегі қорлайтын жазбалар мен адамның суретін рұқсатсыз пайдалануға қатысты шағымдар жедел қаралуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі мұндай контентті платформалардан тезірек өшіру үшін шағым беру тәртібін жетілдіріп, әлеуметтік желілердің негізді өтініштерге жауап беру уақытын қысқартуды ұсынды. Бұл туралы ІІМ басшысы Ержан Сәденов депутаттардың сауалына берген жауабында айтты.

ІІМ азаматтардың абыройын, қадір-қасиетін және бейнесін қорғау Азаматтық кодекстің 145-бабымен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Оған сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді.

Сондай-ақ сот арқылы қорғаудың қолданыстағы тетіктері және қылмыстық әрі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің нормалары азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Алайда министрлік тікелей эфирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, бұл бағыттағы шағымдарды қарау тәртібін жетілдіру қажет деп санайды.

«Онлайн-ортада суреттік бейнесін заңсыз пайдаланғаны және балағаттағаны үшін шағымдар беру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың негізді өтініштеріне онлайн-платформалардың жауап беру мерзімдерін қысқарту мәселесін қарастыру қажет», – делінген ІІМ жауабында.

Депутаттар тікелей эфирлердегі зорлық-зомбылық, қауіпті пранктер, қорлау және әдейі арандатушы әрекеттерді «трэш-стриминг» ұғымымен заңнамалық тұрғыдан айқындап, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған.

Алайда ІІМ бұл ұғымды Қазақстан заңнамасына енгізуді орынсыз деп санайды. Министрлік қолданыстағы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда «онлайн-платформадағы контент» ұғымы анықталғанын атап өтті. Оның құрамына аудиовизуалды нысандағы ақпарат та кіреді. Сонымен қатар заң құқыққа қайшы жарияланымдарды, соның ішінде қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, порнографияны және басқа да заңсыз әрекеттерді насихаттауға тыйым салады.

ІІМ «трэш-стриминг» терминінің нақты заңдық мазмұны жоқ екенін алға тартты.

«»Трэш-стриминг» термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ, бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін», – делінген жауапта.

ІІМ нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік қазірдің өзінде Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде қарастырылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 174-бабы әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыруға, 274-бабы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы жалған ақпаратты және құқыққа қайшы контентті орналастыру мен таратуға қатысты қолданылады.

ІІМ дерегінше, биылғы жылдың тоғыз айында Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс қозғалған. Оның 21-і сотқа жолданған. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, оның 9-ы сотқа жіберілген. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 124 адам жауапқа тартылған.

Әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыс аясында Ақпараттық саясат департаменті TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі 184 аккаунтты тексерген.

Оның нәтижесінде 86 пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде:

ІІМ Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тапсырмасын орындау аясында «Super Vision» мониторинг экожүйесінің жобасы іске асырылып жатқанын хабарлады.

Жоба онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ашық дереккөздерінен ақпарат жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған. Қазір жүйе әзірлену сатысында.

Министрлік кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғауға ерекше назар аудару қажет екенін де атап өтті.

Тағы да оқыңыз: 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына уақытша шектеу енгізіледі.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
8 қазан 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар