Solidcore алтын компаниясы 1,2 млрд долларға акцияларын кері сатып алды
Solidcore алтын компаниясы акционерлерінен жалпы құны 1,2 млрд долларды құрайтын акциясын кері сатып алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ресми ақпаратқа сәйкес, алтын компаниясы белгіленген 102,9 млн қағаз емес, 103 млн-нан астам акцияға өтінім қабылдаған.
Бір акцияны сатып алу бағасы 11,66 долларды құрады. Мәміленің жалпы көлемі шамамен 1,2 млрд долларға сәйкес келеді. Акционерлерге төлем жақын арада аударылмақ.
Есеп айырысулар аяқталғаннан кейін Solidcore казынашылық акцияларының саны 226,3 млн-ға жетеді. Бұл ретте дауыс беретін акциялар саны 340,2 млн-ды құрайды. Сатып алынған бағалы қағаздар дауыс беру құқығын бермейді және дивиденд төленбейді.
Мәміле қорытындысы бойынша компанияның бас акционері – Оманның мемлекетті Maaden International Investment SPC қоры акционерлік капиталдың 41,3%-ын бақылайтын болады.
Solidcore Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші компаниялардың қатарына кіреді. Оның активтерінің арасында «Қызыл» кен орны бар.
Бұған дейін компания Астанадағы тоғыз қабатты Muscat Tower бизнес-орталығын салып, соған бас кеңсесін орналастыруға ниетті екенін хабарлаған. Оның құрылысын 85%-ға Оман егемен қоры қаржыландырады.
Бұрын Polymetal International деп аталған компания 2023 жылы Джерси аралынан Қазақстанға көшіп, акцияларын Лондоннан Қазақстан қор биржасына ауыстырды.
2024 жылы Solidcore АҚШ санкцияларына іліккен Ресейдегі активтерін сатып, алтын өндіру көлемі бойынша Қазмырыштан кейінгі екінші орынға шықты.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026