2029 жылға дейін 25 жылдан асқан вагондар есептен шығарылады
Қазақстанда пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан жолаушылар вагондары 2029 жылға дейін есептен шығарылуы мүмкін. Құрылтай депутаты Мейраш Шынасилова вагондар паркін жаңарту жоспарына қатысты сұрақ қойып, ескі вагондардың үлесін 2030 жылға қарай 3%-ға дейін төмендету межесіне қалай қол жеткізілетінін сұрады.
Мейраш Шынасилованың айтуынша, ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан жолаушылар вагондарының үлесін 2030 жылға қарай 3%-ға дейін төмендету көзделген.
Бұл шара жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және вагондар паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.
Депутаттың сөзінше, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондар паркін жаңартуға шамамен 170 млрд теңге қарастырылған. Дегенмен 2029 жылы вагондардың жалпы тозу деңгейі 37% болады деп жоспарланып отыр.
«Егер 2029 жылы вагондар паркінің жалпы тозу деңгейі 37%-ды құраса, 2030 жылға қарай пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан вагондардың үлесін бір жылдың ішінде 3%-ға дейін төмендету қалай қамтамасыз етіледі?» ,– деп сұрады депутат Құрылтайдың жалпы отырсында.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» компаниясының «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондар паркі шамамен 2 200 вагоннан тұрады. Оның 250-і, яғни 11%-ы 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған.
Вице-министрдің мәліметінше, соңғы бес жылда вагондардың жалпы тозу деңгейі 59%-дан 40%-ға дейін төмендеген.
«Алдағы үш жылда мыңға жуық жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр. 2029 жылға дейін пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан вагондар есептен шығарылады», – деді Мақсат Қалиақпаров.
Вице-министрдің сөзінше, жаңа вагондарды сатып алу және ескі вагондарды есептен шығару арқылы 2030 жылға қарай вагондардың жалпы тозу деңгейін 37%-ға дейін төмендету жоспарланған. Сонымен қатар пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан вагондардың үлесін 3%-ға дейін азайту көзделіп отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
14 қазан 2026