Тоқаев Бельгия королі мен патшайымына «Алтын адамды» көрсетті
Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда Ұлттық музейді аралады. Оларға музей экспозициялары арқылы қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен ұлы даланың мұрасы таныстырылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандармен бірге музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін тамашалап, тарихи жәдігерлер қойылған залдарды аралады.
Қонақтардың ерекше назарын алтын залдағы бірегей тарихи жәдігерлер аударды. Мұнда Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорғандарынан шыққан алтын бұйымдар қойылған. Бұл жәдігерлер ежелгі дала өркениетінің зергерлік өнері мен мәдениетін танытады.
Этнография залында Бельгия королі мен патшайымы қазақ халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.
Сапар аясында мәртебелі меймандарға бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары да ұсынылды.
Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Сондай-ақ, бүгін Президент мәртебелі меймандармен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын аралады.
Айта кетейік, Бельгия Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары үш күнге созылады, яғни 11-14 қазан күндері өтеді.
Кеше, 12 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026