Польшада мектепті күзетуге 24 мыңға жуық полицей жұмылдырылды
Польшада мектептерге жасалған бірнеше шабуылдан кейін білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 24 мыңға жуық полицей тартылды. Олар мектеп маңын патрульдеп, ғимараттардың ішін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Radio ZET ақпаратына сүйенсек, оқушы қауіпті зат алып келді деген күдік туындаса, қызметкерлер оның сөмкесін тексере алады. Құқық қорғау органдары интернеттегі қауіп-қатерлерді де тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.
12 қазан таңындағы дерек бойынша, операция басталғалы 80 мыңға жуық білім беру нысаны тексеріліп, 135 адам ұсталған. Оларға интернетте қауіпті жазбалар жариялау, тыйым салынған заттарды алып жүру, шабуыл әзірлеу немесе оған шақыру сияқты әрекеттер бойынша күдікке ілінген.
Польша полициясының басшысы Марек Боронь компьютерлік ойындарға әуес жасөспірімдердің бірі Roblox платформасында өзі оқитын мектептің үлгісін жасап, ойын кейіпкерін оқушыларға шабуыл жасатқызғанын айтты. Жасөспірімнен атыс қаруы, оқ-дәрілер мен пышақтар табылған.
Қазір полиция мектептерге жасалған соңғы шабуылдардың өзара байланысын анықтаған жоқ. Оқиғалардың бір топтың ұйымдастыруымен болғаны немесе интернеттегі челленджге қатысы бары да расталмаған.
Айта кетейік, 7 қазанда Остроленка қаласындағы кәсіптік мектепте 19 жастағы оқушы адамдарға шабуыл жасаған. Келесі күні Варшава маңындағы Лещидул-Новины елді мекенінде 15 жастағы жасөспірім бастауыш мектеп қызметкерлеріне шабуылдап, салдарынан бір әйел қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026