Алпыстан аса нысанды басқаратын компания былтыр 4,4 млрд теңге пайда тапқан
Қазақстанның 17 қаласындағы алпыстан аса нысанды басқаратын Marden Propertу басқарушы компаниясы 2025 жылы 4,4 млрд теңге таза пайда тапқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Аудиттелген есепке сәйкес, былтыр компания үшін сәтті жыл болған. Компания таза пайдасының күрт өсуіне «Алматы іскерлік үйінің» 99% үлесін тиімді бағамен сатып алуы себеп.
Жалпы түсім шамамен 6 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім көрсетті. Компанияның жалпы активтері шамамен 12 млрд теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде бірнеше есе артты.
«Marden Property» компаниясы мен құрылымдарының түпкі бақылаушы тарабы және жалғыз қатысушысы – Бадиға Кәкенова. E-gov дерегі бойынша, 2023 жылға дейін компанияның 2 кұрылтайшысы болған. Бірі – Тимур Құлыбаевқа тиесілі Mercury Properties болса, екіншісі – Какенова Бадиға.
Алайда 2023 жылы Mercury Properties құрылтайшылар қатарынан шығып кеткен.
Компания Қазақстанның 17 қаласында коммерциялық жылжымайтын мүліктерге қызмет көрсетеді. Жалпы басқарудағы және қызмет көрсетудегі аумақ көлемі 700 мың шаршы метрден асады.
Портфельге негізінен бизнес-орталықтар, сауда орталықтары, ірі қойма кешендері, желілік дүкендер және автоорталықтар кіреді.
Олардың қатарында Астанадағы ҚТЖ ғимараты, Emerald Tower, «Авиценна», Marden бізнес-орталықтары, «Алматы» іскерлік үйі, сондай-ақ Алматыдағы SmArt.Point Almaty, Ozon қоймасы, Chery мен Haval автосалондары және басқа да нысандар бар.
2025 жылдың қыркүйегінде Marden Property Қазақстан қор биржасында 100 млн долларды құрайтын облигациялық бағдарлама аясында 10 млн доллар облигацияларын орналастырған.
Тартылған қаражат пен жарғылық капиталды 1,8 млрд теңгеге арттыру есебінен компания «Алматы» іскерлік үйі мен «Марден» бизнес орталығының 50 пайыз үлесін сатып алған. Жыл соңына дейін бизнес орталықтың толық иесі атануды жоспарлап отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026