Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қатарына өткен: 350 мың жеке кәсіпкер неге жабылды
Биыл 9 айда 277 мың жеке кәсіпкер жаңадан тіркелсе, 356 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік нысаны жабылған. Алайда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның айтуынша, олардың бәрі жұмысын тоқтатты деген сөз емес. Бестен бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосылған.
«2026 жылғы тоғыз айда 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 34,7 мың заңды тұлға және 242,3 мың жеке кәсіпкер бар. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға және 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды. Бұл ретте жеке кәсіпкерді тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтауын білдірмейді. Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен»,- деді вице-премьер.
Соның есебінен қазір өзі-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 1 млн адамға жуықтаған. Соның ішінде 807 мыңы алғаш рет салық төлей бастаған.
Қазіргі кезде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жетті.
Жұманғаринның айтуынша, ел экономикасы 9 айда 4,2 пайыз өсім көрсеткен.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026