Елдегі жаңа ғимараттардың тек 26%-ы ғана мүмкіндігі шектеулі адамдарға лайықты
Еңбек министрлігі елде пайдалануға берілетін 562 ғимараттың мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімділігін тексерген. Бірақ оның 147-сіне ғана келісім берген деп жазады Kursiv Media.
Бұл барлық өтініштің 26%-ын құрайды. Ал 259 өтініш мақұлданбаған, қалғандары әлі қаралып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өтініштердің мақұлданбауына ғимараттардағы қолайсыздықтар себеп болған. Мәселен, кейбір пандустарда тұтқалар жоқ немесе дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ бірқатар ғимараттың есіктері тар. Мұндай кемшіліктер мүгедектігі бар адамдардың ғимаратқа кіріп-шығуына және ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіреді.
Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттері жаңа ғимараттардың мүгедектігі бар және жүріп-тұруы қиын адамдарға қолжетімділігін тексере бастады. Бұл міндет Қазақстанның Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты енгізілген.
Департаменттер ғимаратқа кіріп-шығуға және оның ішінде еркін қозғалуға қажетті жағдайлардың жасалғанын қарайды. Алайда олардың келісімі тек осы талаптардың орындалуына қатысты беріледі.
Оқи отырыңыз: Елде «көлеңкелі» баспана нарығының үлесі 41,2%-ға дейін азайды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026