Қазақстанда 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар қанша (инфографика)
Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің басым бөлігі айына 500 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ал 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындардың үлесі небәрі 5,6%-ды құрайды, бұл туралы Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Статистика 3,38 млн жалдамалы қызметкерді қамтиды. Дерек есептелген жалақы мөлшеріне қатысты, яғни бұл қызметкердің салықтар мен басқа да ұсталымдардан кейін қолына алатын таза табысы емес.
Жалақысы 500 мың теңгеден аспайтын қызметкерлер саны шамамен 2,49 млн адамға жетеді. Бұл барлық жалдамалы қызметкерлердің 73,7%-ына тең.
Оның ішінде 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындар шамамен 1,4 млн адам немесе жалпы санның 41,5%-ын құрайды.
300–500 мың теңге аралығында жалақы алатындардың үлесі – 32,1%, ал 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі топқа шамамен 702 мың адам кіреді. Бұл – қызметкерлердің 20,8%-ы.
Жалдамалы қызметкерлердің есептелген жалақысы
Айына 1 млн теңгеден көп жалақы алатындар саны шамамен 188 мың адам. Яғни мұндай табыс деңгейіне жалдамалы қызметкерлердің тек 5,6%-ы жетеді.
1–2 млн теңге аралығында жалақы алатындар шамамен 149 мың адам болса, 2 млн теңгеден жоғары табыс табатындардың саны 39 мыңға жуық.
Ал айына 3 млн теңгеден жоғары жалақы есептелетіндер бар болғаны 14,6 мың адам. Бұл барлық жалдамалы қызметкерлердің шамамен 0,43%-ы ғана.
Жалақы деңгейі өскен сайын ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылық та айқындала түседі.
1 млн теңгеден жоғары жалақы алатындардың шамамен 71,2%-ы – ерлер, 28,8%-ы – әйелдер. Санмен есептегенде бұл тиісінше шамамен 134 мың және 54 мың адам.
Бұл ретте жалпы жалдамалы қызметкерлер арасында әйелдер саны ерлерден көп: статистикада 1,75 млн әйел және 1,63 млн ер адам көрсетілген. Соған қарамастан, ең жоғары жалақы топтарында ерлердің үлесі басым.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
13 қазан 2026