Елдің қай өңірлері Ресеймен тығыз сауда жасайды (карта)
2026 жылдың қаңтар–тамызында Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қалды. Алайда оның үлесі экспорт пен импортта айтарлықтай ерекшеленеді: Қазақстан экспортының 8,5%-ы Ресейге бағытталса, импорттың 31%-ы осы елден келген. Kursiv Media еліміздің өңірлері қаншалықты ресеймен тығыз сауда жасайтынын талдап көрдік.
🇷🇺 СЫРТҚЫ САУДА · ЕЛ × ӨҢІР
2026 · қаңтар–тамыз · Қазақстан бойынша 8.5% · Ресей экспорты $5,13 млрд
Экспортта Ресейге тәуелділігі жоғары өңірлердің қатарында Түркістан облысы бар — мұнда Ресейдің үлесі 49%-ға жеткен. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 37%, Жетісуда 34%, Қызылорда облысында 31%, Қостанай облысында 26% болды. Алматы қаласы экспортының 24%-ы Ресейге тиесілі. Ал Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында Ресейдің үлесі 1%-ға да жетпейді.
Импортта жағдай мүлде басқа. Бірқатар өңір Ресейден келетін тауарларға едәуір тәуелді. Солтүстік Қазақстан облысында Ресей импортының үлесі 62%, Абай облысында 61%, Шығыс Қазақстан облысында 60%, Батыс Қазақстан облысында 56%, Павлодар облысында 55% болған.
🇷🇺 СЫРТҚЫ САУДА · ЕЛ × ӨҢІР
2026 · қаңтар–тамыз · Қазақстан бойынша 31% · Ресей импорты $13,2 млрд · 5 өңірде 50%-дан жоғары
Ақтөбе облысы мен Астанада Ресей импортының үлесі 48%-дан, Қарағанды облысында 43%, Ақмола облысында 42% болды. Ең төмен көрсеткіш Жетісу облысында тіркелген — 4,5%.
Жалпы алғанда, қаңтар–тамызда Қазақстанның Ресейге экспорты $5,13 млрд, ал Ресейден импорты $13,2 млрд болды. Яғни Ресеймен саудада импорт көлемі экспорттан шамамен 2,6 есе көп. Бұл әсіресе елдің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде Ресей тауарларының үлесі жоғары екенін көрсетеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
16 қазан 2026