Қазақстанда бір аптада 366 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Қазақстанда қазанның алғашқы аптасында 366 888 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Олардың қатарында көлікті мас күйде басқару, рөлде телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері бар, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында елде тіркелген қылмыстар саны 15%-ға азайған. Осы кезеңде жол-көлік оқиғалары 5%-ға, жарақат алғандар саны 7%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға төмендеді. Ал жыл басынан бері жолдарда 11,9 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған.
Қарағандыда қарсы жолаққа шыққан жеңіл көлік жүргізушісінің мас күйде болғаны медициналық тексеру кезінде расталды. Петропавлда дронның көмегімен қауіпсіздік белдігін тақпай жүк көлігін басқарған жүргізуші анықталды. Павлодарда телефонмен сөйлесіп, бұрылыс шамдарын қоспай және қауіпті маневрлер жасаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция заңсыз қоқыс орындарымен күрес жүргізіп жатыр. Тоғыз айда ел бойынша 1 628 стихиялық қоқыс орны анықталып, оның 1 318-і жойылды. Бұл бағытта 1 186 мобильді топ жұмыс істеп, 42 мыңнан астам рейд өткізген.
Полиция мәліметінше, осы кезеңде қоғамдық орындарды ластауға қатысты 25 мыңға жуық, ал абаттандыру ережелерін бұзуға байланысты 297 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026