Ыстанбұлда алапат су тасқыны, бір жасөспірім қайтыс болды
Түркияның Ыстанбұл қаласында нөсер жаңбырдан су тасқыны болды. Күшті ағын көшелерді басып, көліктерді ағызып әкеткен. Бір жасөспірімнің қайтыс болды деп жазады Kursiv Media TRT Haber басылымына сілтеме жасап.
Қаладағы нөсер жаңбыр салдарынан жолдарды, жерасты өткелдері мен туннельдерді су басты. Ыстанбұлдағы барлық мектеп жабылды. Су тасқыны кейбір тұрғын үйлер мен кәсіпорындарды басып, көлік қозғалысын қиындатты. Қала тұрғындарына мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілді.
Ыстанбұл губернаторы Давут Гүл тұрғындарға үндеу жасап, алдағы уақытта да жауын-шашын күшейетінін ескертті.
«Құрметті отандастар! Бүгін түнде облыстың барлық аумағында, ал ертең Анадолы бөлігінде жауын-шашынның күшеюі күтіледі. Жаңбыр кезінде сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Мүмкіндігінше далаға шықпаңыздар және жеке көлікпен жолға шықпаңыздар», – деді ол 14 қазанда.
Губернатор тұрғындарға жертөлелерге және су басу қаупі бар аумақтарға бармауды ескертті. Сондай-ақ шалшық сулардан, өзен арналары мен су басқан жерасты өткелдерінен аулақ болуға шақырды. Көшкін қаупі бар аумақтар мен ондағы ғимараттарға жақындамауды да ескертті.
Қалада 378 жедел жәрдем бригадасы мен медициналық құтқару қызметінің бес тобы кезекшілік етіп жатыр.
Қалада бір адамның қаза тапқаны хабарланды. 14 жастағы жасөспірім шалшық суды басқан кезде электр тогы соққан. Оны ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қазан 2026